Адам бойындағы ең тамаша нәрсе — білім мен ақыл.

Жүсіп Баласағұн.

Әлемдік деңгейдегі сарабдал саясаткер,  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына назар аударуды ұсынамын» деп атап көрсеткен болатын.

Бүгінгі менің кейіпкерім-туған жері Күреңбелдің ғана емес, қазақ елінің мақтанышына айналған ғалым Сарыбаев Мейрам Сейсенбайұлы.

«Жеріне қарай елі, еліне қарай ері туады» дегендей, талай дарындар мен ғалымдардың мекені болған Күреңбел өңірі білімге, өнерге құмартқан таланттыларға  кенде болған емес қой. «Асыл мұратқа жол тартқанда әуелі ақылың жетсін, ақылың жеткен жерге батылың жетсін» дейтін заманда екі қасиетті де бойына сіңіріп, алға басқан талаптылардың бірі — Мейрам Сейсенбайұлы «100 жаңа есім» Ұлттық жобасына  аты еніп отырған жұлдызды тұлға.

Мейрам Сейсенбайұлы Кербұлақ ауданы Жоламан ауылында дүниеге келді. Балалығы мен бозбала шағы осы ауылда өтті. Жоламан орта мектебін 1998 жылы ойдағыдай тәмамдап, 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің тарих факультетіне түсті. Білімді студент университет қабырғасында ақ өзінің ерекше қабілетімен көзге түсіп, қатарының алды болды. Аталмыш университетті үздік бітіріп, тарих факультетінің магистратурасында білімін жетілдіріп «Тарих магистрі» квалификациясын иеленді.

2005-2007 жылдары аталмыш университеттің Халықаралық қатынастар факультетінде магистратураны тәмәмдап «Халықаралық қатынастар магистрі» академиялық дәрежесін иеленді. «Құнықсан білімге құнық» деп ата-бабаларымыз айтқандай кейін Мейрам Сейсенбайұлы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінде РһД докторонтурада білімін жалғастырды. 2010 жылы профессор Қ.С.Қаражан мен професор М.Гавецкийдің (Польша) жетекшілігімен «Қазақстан Республикасы мен Орталық Еуропаның постсоциялистік мемлекеттермен қарым-қатынасының даму тарихы» атты докторлық диссертациясын қорғап, «Тарих дүниежүзі тарихы» саласы бойынша РһД доктор  академиялық дәрежесіне ие болды. Білімді адам қай кезде де құрметті ғой Мейрам Сейсенбайұлы 2005 жылдың  қыркүйек  айынан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, 2005-2007 жылдары Халықаралық қатынастар факультетінде оқытушылық қызмет атқарса, 2010-2011 оқу жылы Тарих факультетінде Қазақстан тарихы кафедрасында аға оқытушы болды.

2009 жылдың наурыз, сәуір айларында ғылыми іс сапармен Польшаның Познань қаласындағы  Адам Мицкевич атындағы университетінде болып, сол елдің белді ғалымдарының дәрісіне қатысып, ғылыми жұмысына байланысты материалдар жинап қайтты. Сонымен қатар Вроцлав қаласында Варшава университетінің ұйымдастыруымен өткен қысқы мектептің тыңдарманы болып өз тәжірибесін жетілдірді.

2011 жылдың шілде айында Варшава қаласында Варшава Университетінің жанындағы «Шығыс Еуропа елдерін зерттеу орталығы» ұйымдастырған жазғы мектепте білім алды.

2012 жылы Ғылыми жоба аясында Санкт-Петербург және Мәскеу мұрағаттарынан құжаттар жинап, осы ізденісінің нәтижесінде  көптеген мақалалар жарық көрді.

Бүгінгі таңда Мейрам Сейсенбайұлының 27 ғылыми мақалалары «ҚазҰУ хабаршысы» (тарих, халықаралық қатынастар және халықаралық құқық сериясы), «Қоғам және дәуір», «Казахстан-спектр», «Sprawy Wschodnie» (Польша) wulfenia (Австрия) сонымен қатар көптеген халықаралық ғылыми конференциялар жинақтарына енген. 2008 жылы тарих емес факультеттерге арналған «История Казахстана» атты лекциялар курсы авторлар ұжымымен, профессор Қ.Қаражанның басшылығымен орыс тілінде жарық көрді.

«Адам баласы ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады»-деп Хакім Абай айтқандай, осы қасиеттердің барлығыда өн бойынан табылған Мейрам Сейсенбайұлы біздің мақтанышымыз. Өйткені тыңғылықты іс әрқашан төрге оздырады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын атап көрсеткен болатын. Туған жерге, оның мәдениеті мен тарихына  атсалысу-шынайы патриотизмнің көріністерінің бірі болса керек. Туған жерінің, ата-анасының, білім берген ұстаздарының атын әлемге жайып жүрген Мейрам сияқты азаматтың Жаңа 100 есім Ұлттық жобасына енуі бекер емес.

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба.

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге» — деген ұлы ойшыл Абайдың сөзін өмірлік қағидасына айналдырған жерлесіміз Мейрам Сейсенбайұлының алар асулары әлі де алда.

Қазыналы жігіттің жан тұлпары баптаулы, сыр сандығы сақтаулы, ақ үміті  ақтаулы, өмір жыры жаттаулы. Ғұмырнамасы өткен күннен қалған елес емес, болашаққа жалғайтын асуы-белес.

«Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» дегендей жастайынан ілім-білімге құштарлық танытып, еліне пайдалы ісімен қызмет көрсетіп жүрген, Күреңбелдің тумасы Мейрам Сейсенбайұлына шығармашылық табыс тілейміз. Аңсаған армандардың мен көздеген мақсаттарың орындалып еліңнің елеулісі бол.

Дина АМАНҚЫЗЫ.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here