Бір кезде озық ойдың иесі Мағжан Жұмабаев:

Арыстандай айбатты

Жолбарыстай қайратты

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен Жастарға сенемін десе, Елбасымыз, Жастар білімге тартылуы керек. Олар болашағымыздың тасын қалаушылар деп атап көрсетіп, оларға үлкен сенім артты.

Осы орайда жақында «Нұр Отан» партиясы Кербұлақ аудандық филиалының желілік кестесіне сәйкес, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының және «Жас Отан» жастар қанаты мүшелерінің ұйымдастыруымен Жайнақ ауылдық округіндегі Жамбыл Тобаяқов атындағы орта мектебінің мәжіліс залында «Жастар – Отанға» атты партиялық жобасы аясында Елбасының халыққа жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында жастармен кездесу болып өтті.

Кездесуге «Нұр Отан» партиясы Кербұлақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бозымбекеов Жомарт Саханұлы, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Мыңбаев Алмас Асқарұлы, жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Байжан Руслан Жұмабайұлы, аудандық БАҚ өкілдері, Жайнақ ауылдық округінің әкімі Баядилов Асқар Оңғарұлы, Жайнақ, Қарымсақ, Ақбастау, Доланалы, Жаңалық ауылдарының және Алтынемел ауылдық округінің жастары қатысты.

Кездесуді ауыл әкімі Асқар Оңғарұлы ашып, жиналғандарды келген қонақтармен және күн тәртібімен таныстырды. Алғашқы сөз кезегін аудандық «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Алмас  Асқарұлы алды.

-Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мәні мен мазмұгы, маңызы мен мағынасы қоса өріліп, өзіндік өміршеңдігін көрсеткен көлемді туынды. Тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланыстырып, мемлекеттік атқарылуы тиіс міндеттерін межелеп берген мақала. Мақаланың «XXI ғасырдағы ұлттық сан» деп аталатын алғашқы тарауында Елбасымыздың жаңа ғасырдың талаптарына төтеп беру үшін экономикамыздың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, сананы жаңғыртудың бірнеше ерекшелігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы мұнымен қоса ғасырлар қойнауында қалып, жылдар өте саяси себептермен сергелдеңге түскен «қазақ әліпбиінің» назардан  тыс қалдырмай биылғы жылдан бастап қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігі айтылып, Үкіметтің іске кірісетінін тілге тиек етті.

Мақаладағы тағы бір басты бағдар – «Жаңа гуманитарлық білім Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»  жобасының қолға алынуы. Бұдан бөлек жастарды тәулік сайын түрленген технологиялық дәуірдің қарқынынан қаймықпай, білім кеңістігінде мемлекет ұсынған мүмкіндіктерден құр қалмауға шақырды. Осындай құптарлық істі жасотандықтармен бірге біздің барша замандастарымыз, жалпы жастар қауымы бірауыздан қолдайды деп сенеміз деп аяқтады сөзін Алмас Асқарұлы.

Өз кезегінде сөз алған, Нұр Отан партиясы Кербұлақ аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Жомарт Бозымбеков Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына тоқталып, еліміздің әрбір азаматы аймақтағы өткен күннен сыр шертетін көне ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді, мәдени нысандарды қалпына келтіруді, өңірлерде өлкетану, экологиялық тазарту жұмыстарын жүргізуді, ауыл-аймақты аббаттандыруды көздеу керектігін тілге тиек етіп бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясы ерекше көңіл бөліп, бақылауда ұстап отырған «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен білім, медицина саласында еңбек жолдарын бастаған жас мамандардың тағдырына атүсті қарамай, олардың көтерме ақшаларымен пәтер алу мәселесінің дұрыс жолға қойылуы ҰБТ тапсырмаған түлектердің қайда кеткенін зерделеп, зерттеп, мүмкіндігі шектеулі балалардың жәрдемақыларын уақытымен дұрыс алуларын, олар баратын жерлерде пандустар болуын қадағалау барысында  біраз мәселелер оң шешімін тауып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар сонау 90 жылдарда компьютер болмағанын, 18 жылда еліміздің дамып алпауыт мемлекеттер қатарына қосылғаны көңілге қуаныш ұялататынын, сондықтанда бүгінгі жастар бақытты екенін, тек ерінбей еңбек етіп еліміздің гүлденуіне өзіндік үлестерін қосу керектігін айтып, жастарды Елбасының сарабдал саясатын қолдауға шақырды. Доланалы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінін мұғалімі Гүлмира: — Өзімнің ұстаздық  жолын  таңдағаныма ризамын. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты жүрек қалауыммен таңдадым. Бұл орайда өзім бір кездері білім алған мектептің ұстаздарына алғыс білдіремін. Жасыратыны жоқ, бүгінде ұстаздардың бұрынғыдай мәртебесі жоқ. Бірақ мен ауылымның, ауданымның гүлденуі, білімді, тәрбиелі шәкірт тәрбиелеп өз үлесімді қосамын. Елбасымздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бүкіл жастардың көкейдегі мәселелерін қамтыған. Еліміздің әрбір азаматы туған жерге қамқорлық танытып, жанашырлықтың жаңа үлгісін көрсетулері қажет. Ал Елбасының бастамасын біз әрқашанда қолдаймыз», деп жүрек-жарды ой-пікірімен бөлісті. Ж.Тобаяқов атындағы орта мектебінің ардагер ұстазы 61 жастағы Болат Құлахметов жастармен өткен ұстаздық өмірі туралы салихалы әңгімелерімен бөлісіп, Елбасының мақаласындағы әр бөлімге жіті қарап, жастардың санасына сәуле берер мақаланы қолдайтынын білдірді.

Жиналғандар «Нұр Отан» партиясы Кербұлақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Бозымбековке, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Алмас Мыңбаевқа көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.

Кездесуді «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Алмас Асқарұлы қорытындылап, жиналғандарға ізгі тілегін білдіріп, уақыт бөліп келіп, ой-пікірлерімен бөліскендері үшін алғыс білдірді.

                                                                                                 Дина АМАНҚЫЗЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here