Ағынды Ақсудағы және жазиралы Жаркенттегі жылы жүздесу

Сексен жасқа толар алдында толқыған көңілін, елге, жерге деген мауқын бір басып, ел-жұртпен қауышуды жөн санаған Ғалым ағамыз кездесудің алдында, өткен-кеткенді еске түсіргісі келді ме, Суықтауға бір шығуды аңсады. Жол бойындағы әңгімемізде ол: «Бір төбеге шығып алып, жан-жағыма дүрбіні салып, шаруаның қай жерде қалай жүріп жатқанын байқап отырушы едім. Фригадтардағы қызылшаның суарылып жатқаны айдан анық көрінетін. Суарылып жатқан алқап аппақ болып тұрады. Суарылмаған алқаптардың басшыларына рациямен: «Қызылша неге су ішпей жатыр?!» дегенімде, басшылар мені келіп қалған екен деп, сасып қалады екен. Алдымен сол төбеге шығайық, қалғаны содан соң болып жатар» деген сабырлы қалпымен.

 «Төбе» дегенге биік бір төбе болар деп ойлағанбыз. Рульде отырған ұлы Даниярға: «былай жүр» деп, жол сілтеді. Қар қалың. Таудың етегіне жақындай бере: «Мынау – Суықтау деп аталады. Мына жол таудың арғы жағындағы, он сегіз шақырым жердегі Қапал-Арасанға апарады» деді. Тауды қиялай кеткен жол күрелген, ашық екен. Ақ көрпені жамылған Суықтау өзінің әсемдігімен бізді өзіне баурап алды. Әйтсе де жоғары өрлеген сайын қорқыныш та пайда бола бастады.

Таудың қысқы көрінісін тамашалап келе жатқан біздерді ағамыздың: «Қап! Менің баратын төбеме қарай жол жоқ екен! Күрелмепті-ау!» деген сөзі елең еткізді. Біз де ол кісі қараған сол жағымызға қарай бердік. «Әне, ана-ау төбе! Төбесі жазық. Сол жерде отырушы едім» деді көзін алмаған күйі. «Қап, әттеген-ай! Жолдың болмағаны-ай!» деді ол жаққа бара алмайтынымызға бір сәт өкініп. Біз де қамығып қалғандай болдық. Жоғары өрлеп барып, кейін бұрылдық. Сол кездегі Кеңес үкіметін есімізге түсіргендей, тау асуын асуға асығып, бір жигули қарды бұрқыратып, өте шықты. «Басқа да машиналар жүреді екен ғой» деген менің көңілім орнына түскендей болды.

Ағамыз айтқан жаңағы төбені тұспалдап, көліктен түстік. Шынымен биікте тұрған біздерге төмендегі ауылдар алақанда тұрғандай көрінеді екен. Саф таза ауамен тыныстап, төбеміздегі шуақты күнмен нұрланып, Алып Суықтаудан күш-қуат алғандай болдық. Ғалым ағамыз да кең тыныстап, алысқа қарап, өткен күндерге көз жүгіртті. Естелікке суретке түстік. Жүйткіген Джиппен аңқылдаған ақсулықтар жиылған ауылға да жақындадық.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында Алматы облысының және Панфилов, Ақсу және Кербұлақ аудандарының Құрметті азаматы Ғалым Тұрғанбайұлымен ағынды Ақсу жерінде кездесу өтті. Ақсу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Ғалым Тұрғанбайұлын сағынып қалған аудан тұрғындары жиналыпты. Ақсу ауданының әкімі Әділбек Елеубекұлы Далбағаев төрдегі қонақтарды таныстырды. Атап айтсақ: Ғалым Тұрғанбаев және онымен бірге қызметтес болған әріптестері — Қалимолда Байболов, Жекен Жетпісбаев, Марат Байханов және Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Болысбай Момбаев.

Аудандық қобызшы Молықбай атындағы Мәдениет үйінің директоры Асқат Досмұхамбетов кеш тізгінін қолына алып, кездесудің өз дәрежесінде өтуіне барын салды. Ардақты ағаның ауылға келу құрметіне Мәдениет үйінің қызметкері Мақсат Жазылбеков «Ауылға барам» әнін әуелете шырқап берді.

Алғашқы сөз кезегі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Амантай Айтбаевқа берілді. Ол: ««Сәлем — сөздің анасы» дейді, «Ассалаумағалейкум» деп амандасып алайық. «Жақсылардың жанында ағасы жүрсе, жарасар, ағасының жанында жайсаңдар жүрсе, жарасар. Жайсаңы мен жақсысы береке-бірлік тілесе, ел намысы іске асар» деп бекер айтпаса керек. Бүгін міне, жаныңызға жақсылар мен жайсаңдарды, осы біздің Ақсуда еңбек етіп, тер төккен азаматтарды жиып келіп отыр екенсіз. Қадамыңыз құтты болсын. Бір кезде бүкіл одақ аузын ашып қарайтын Ақсуға  айтылып жатқан сындарға жаныңыздың соғұрлым күйзеліс тауып, жаныңыздың ауырғаны барлығымызға да түсінікті. Уақыт қой. Заман талабы өзгеріп жатады. Кеше ғана қирап жатқан үйлер қалпына келді. Өзіңіз ең алғаш салған І.Жансүгіров атындағы алаң жөндеуден өтті. Мектепте қызмет етіп жүрген кезімізде, Сіздің әрбір ісіңізді, әрбір ілгері бастырып жатқан дүниеңізге сүйсіне қарап отырушы едік. Өйткені, сіз әділдік пен ақиқат жолынан аспадыңыз. Егер менен: «Ғалым Тұрғанбайұлы кім?» деп сұраса, «Ақиқат жолында» деген кітапты оқысаң, ол кісіні танисың» деп айтар едім. Себебі, кітапта айтылған сөздердің барлығы адамды тек қана адамгершілікке тәрбиелейді. Кішілік арқылы кісілікті танытады. Сіздің балалық шағыңыз оңай болмаған. Осы елдің патриоты болам деген жанның өмірде алдына мақсат қойып, көксеген арманына жету үшін аянбай тер төгіп, еңбек етсе, талаптанса, әділ жолмен жүрсе, биіктерге шығатынына көз жеткізеді. Өйткені, сіз оны дәлелдеп бердіңіз. Сіздің балалық шағыңыз басыңыздан сипаған жоқ. Жоқшылық, жетімдікті көтеретін тек қана қайсарлық пен сабырлылық. Қиындықты көтере білген сіз – нағыз қара нарсыз. Халқыңыз үшін еңбек еттіңіз. Тіпті, парламентке барғаныңызда да патшамыздың алдында қасқайып тұрып: «Айналайын, қазақтың қамын ойласаң, мынау асфальтта өскен өңшең министрлер мен экономистерді қайдан әкелдің? Қазақстанды дамытатын азаматтар керек емес пе?» дегеніңізді қалай ұмытайық? Бұл сөзіңіз қара бастың қамы емес, қара халықтың қамын ойлап айтқан сөзіңіз еді. Мұның барлығы бізге — сабақ, үлгі. Мен бүгін әдейі костюм-шалбар киіп келдім. Мұның бір сыры бар. 1983 жылы біздің Ақсу ауданы бүкілодақ бойынша жеңімпаз атанып, ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды. Сол жылдары ауданымызда еңбек еткен бірқатар азаматтарға үкіметтің жоғары наградасы берілді. Әлі есімнен кетпейді, өзімнің бойтұмарымдай қараймын. Ол кезде қырық жастағы жігітпін. Қобызшы Молықбай атындағы Мәдениет үйінде сол «Құрмет белгісі» орденін кеудеме тағып тұрып: «Амантай, мынау саған берген авансым. Сен алатын асулар, биіктер әлі алдыңда. Иә, содан бұл орденді бойтұмарымдай көріп, ұстаным еттім. «Еккен бағымның жемісі қандай?» дегеніңізде, «еселі еңбектің нәтижесін көрсін» деген ниетпен сіздің таққан орденді, одан кейінгі де наградаларымды омырауыма тағып келдім. Мақтанғаным емес. Бұл – Сіздей ағалардың тәлім-тәрбиесінің жемісі деп білемін. Құдай Сізге қуат берсін».

Қобызбен Молықбайдың күйін Дамир Абашев орындап берді.

Нұрбек Қасымбеков, зейнеткер: «Бүгін, міне, өзіңізбен бірге дәмдес болған, тілектес болған, әріптес болған үлкендер, әжелер отыр. «Жеті мүшелге келгендер — жеті жұрттың қамын жер» дейді. Сексен беске дейін жеті мүшел ғой енді. Сол мен де сексеннің төртеуіне келсем, менен кейін екпіндеп келе жатқан Ғалым Тұрғанбайұлы міне, сексенге толмақшы. «Алдыңда өнегелі қарттар болсын, артыңда қостайтұғын жастар болсын» деген, барлығымыз бір ғана тілектеміз. Басымызға бас, малымызға мал қосылып, әрқашанда қуанышпен жүздесе берейік. «Туған жер, қайда жүрсем сендеймін, сенсіз бақ бар дегенге сенбеймін» дейді ғой,  өзіңіздің туған жеріңіздей болып кеткен Ақсу жеріне келіп, еліңізді бір қуантып отырсыз. Баяғыда тоқсандағы әкем төсекте көзін жұмып жатушы еді. Сонда мен: «Ой, әке, неге ұйықтай бересіз?» дегенімде, жарықтық: «Ой, балам-ай, қайдағы ұйқы біздегі? Өткен-кеткенді ойлап, таразыласам, енді бірде ұрпағымның болашақтарының жарқын болуын ойлаймын» деуші еді. Енді міне, өзіміз де әкеміздің сол бір жасына келіп қалдық. Біздің де ойлайтынымыз сол — әкем айтқандай. «Сексен жасқа келген ел атадан туған ұл болсын, ел-жұрт қамын ойлайтын мол адамдық қасиетпен өмірлік аты жойылмайтын» дегендей, осындай ұлдардың бірі – өзіңізсіз. Сіздің құрметіңізге «Достарым» әнін айтып берейін» деп, әнімен көпшілікті бір серпілтті.

Ғалым Тұрғанбаев: «Бюро мүшелері, шаруашылық басшыларының атынан концерт ұйымдастыруды мақсат еткен едім. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ғалымбек Сейілханұлы Омархановқа тапсырдым осы шаруаны. Бір аптадан соң «Қалай болып жатыр?» деп сұрасам, ол: «Ой, олар көнбей жатыр» дейді. «Ондай болса, алдыма келсін бәрі» дедім. Ол айтқан екен бәріне, олар: «Жо-жоқ айтамыз, қатысамыз» депті. І.Жансүгіров совхозының клубында бүкіл ауданның жиналысы болды. Сол жерге аудан басшылары, бюро мүшелері бар, барлығы концерт қойып, елдің құрметіне бөленгені бар. Өздеріңнің көңілдеріңді көтермесе, кім көтереді? Сонда сенің ән айтатыныңды білмедім, білсем, Нұрбек сені де тартар едім» деп көпшілікті күлдірді.

Бұдан соң да Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Болысбай Момбаев, Қалимолда Байболов, Шеге Елубаев, Жекен Жетпісбаев, Серік Нұрышев, Жақан Халықбаевтар емен-жарқын әңгімелесіп, өткенге көз жүгіртіп, Ғалым ағаның өмірінен сыр шертті.

Ақсу ауданының әкімі Әділбек Елеубекұлы: «Құрметті қауым, Ғалым Тұрғанбайұлы таңертең келуі керек еді. Бәрін кеңінен сөйлетуіміз керек еді. Бізден бір кемшілік кетті. Бәрінің де жастық шақтарын еске түсіргілері келіп отырған болар. Сіз келеді дегенді естіп, көпшілікті жинап отырмыз. Бұл әкімшілікте он жылдың ішінде талай сөгіс беріп, талай бюроны өткізіп, талай терлеп-тепшіп шыққан шығарсыз. Бүгінгі кездесуді есіңізге түссін деп, осы залда өткізіп отырмыз. Өзіңіз салған ғимарат — бұл. Бірге жұмыс жасаған әріптестеріңізбен кездесіп, әңгімелеріңіз жарасып отыр. Бәрінің де көкейлеріндегі сізге деген ыстық ықыластарын білдіргісі келеді. Бірақ, енді, уақыттың тығыздығы болып тұр. Сізге тілейтініміз, біріншіден зор денсаулық, бала-шағаңыз аман болсын. Немере-шөберенің рахатын көріңіз. Ақсу ауданының бір қасиеті – еңбек еткен азаматтардың барлығын құрметтеп, алақанына салып, шығарып салады. Ол – халықтың кеңпейілдігі, жақсылығы. Тойға барғанда сый-сияпатымызды жасармыз. Мына отырған ақсақалдардың атынан,  осы ауылға қаншама жылдан кейін кездесіп отырғанымыз үшін үлкен аға-тәтелеріміздің атынан сізге шапанымызды жабуға рұқсат етіңіз» деп, шапан кигізді.

Ғалым Тұрғанбаев: «Қадірлі халқым менің, мені құрметтеп, қуанттыңдар. Бақыттымын.  Қайда жүрсем де дүние жинамаппын, есесіне абырой-атақ жинаппын, құрметке ие болыппын. Бағана Әділбек айтқандай, расымен таңертең бастауымыз керек еді мұндай жиналысты. Барлықтарыңның да сөйлегілерің келіп, іштеріңде сайрап тұр. Бірсыпыра уақыт өздеріңмен бірге жұмыс істедім. Әр гектарынан 700 центнерден қызылша жинаған Қайша отыр, мінекей. Кездесу өте көңілді өтті. Көп дүниені ұмытып та қалыппын. Өздерің сөйлегенде, біраз абыройымды асырып жіберді ме деп отырмын. Бәріңе де рахмет. Әділбек бауырым, өзіңе де рахмет. Тағы да айтамын, өзіңе менің жолымды берсін. Табысты бол. Келешекте әр үйде қуаныштарыңыз мол болсын.  Бәріңе мен тілектеспін. Алыста жүрсем де мені арамыздан шыққан азамат деп есептеңіздер. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Қуаныштарда басымыз қосылсын» деп  жиынды қорытындылады.

Ақсуым менің Ақсуым,

Бір балам деп қабыл ал.

Қандай жағдай болса да

Қасыңнан сенің табылам.

Ағынды аққан Ақсуым,

Өзіңе қарай асығам.

Бақыт іздеп елімнен

Өскен едім жасымнан,-деп Ғалым ағамыз киелі Ақсу өңірін өлеңге қосып, қалам тербегені — бақытын еңбектен тапқан оның еліне, жеріне деген ыстық лебізін білдіргені. Осылайша, ағынды Ақсу жерінде өткен басқосу өз деңгейінде өтіп, ақсулықтар ардақты ағаны қимастықпен шығарып салды.

 

ххх

 

Жазиралы Жаркенттегі жылы жүздесу

 

Алдындағы малымен,

Бірге жусап, бірге өрген,

Алаш деген елім бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол елімді сүйемін!

Мағжан Жұмабаев.

Ғалым Тұрғанбайұлымен жазиралы Жаркентке де ат басын бұрған едік. Аудан әкімдігі ғимаратының алдында биік болып өскен зәулім қарағайға жақындап, алақанымен сипаған аға былай деді:

— Аудан әкімдігінің ғимараты салынғанда осы қарағайды отырғызып едім. Міне, бүгінде зәулім бәйтерек болып, аулаға сән беріп тұр,-деді марқайып, көңілі тасып. Бұл «Өткен күнде белгі бар» дегенді білдіргендей болды біздерге.

Балалық шағы өткен Лесновка ауылына бет алғанымызда: «Өссек деген өзенге орыс балалармен шомылушы едік. Қалың жыныстың ішіне тұзақ құрып, қоян ұстаушы едім» деп өткен күндерге көз жүгіртті.

«Не себепті Өссек деп аталды екен бұл өзен?» деген сауалымызға, ол: «Өссек деп аталуының бірнеше себебі бар екен мұның. «Өссек» деген атауы «өсіп-өнсек» деген мағынаны да білдіреді. Өсек деп те айтады. Себебі, ол өзінің арнасын өзгертіп, ары-бері ытып тұрады. Кейбіреулер бұл «Өсек» деген қалмақтың сөзі деп те айтады» деп жауап берді. Лесновканың оң жағын ұзыннан жағалаған биік жотаның төбесінен туған аулына қарап тұрып: «Әкем малшы болған. Мен осы ауылда, өріктің арасында дүниеге келіппін ғой. Кейін бара-бара бәрі бұзылды. Үлкен ауыл болған соң «Мәдениет үйі қайдан салыну керек?» дегенде, мен: «Мына жерге» деп, өзімнің туған жерімді көрсеттім. Өзі көрнекті жер. Арғы жағы саз болатын. Біз футбол ойнайтынбыз ол кезде. Сол жерге ағаш отырғызып, саябақ жасалды, бергі жағына Мәдениет үйі салынды. Менің Лесновка деген туған ауылым — осы. Бұрын бір-ақ көше болатын ортасында. Арғы жағы да, бергі жағы да тоғай болатын. Тоғайдан қоян ұстайтынбыз. Бүгінде орыстардан ешкім қалмады. Қазір қазақы ауыл болды. Анау жоғарыда тағы бір ауыл тұр ғой, ол — Қуаныш Сұлтановтың ауылы. Ол Өссектің ар жағында, Лесновка бер жағында орналасқан» деп біздерге туған жерін таныстырды. Біз ол жерден: «Жаздың күнгі көрінісі өте керемет шығар?» деп тамсанып қайттық.

Жаркентке келгенде Ғалым ағамен бірге еңбек еткен бірқатар әріптестерімен әңгімелескен едік.

Мырзағали Нұрсейіт, меншікті тілші: «Мен Ғалым ағаны бала кезімнен білемін. Ауылдаспыз. Бұл кісінің маған нағашылық жағы бар. Алғаш партмектебін бітіріп келгенде біз тұратын Еңбек Қызыл ту орденді Киров атындағы колхозға «Октябрь революциясының 40 жылдығы» колхозынан кейінгі экономикасы өрлеген, табысты шаруашылықтардың бірі болатын. Ыбырайымжан Қожахметов деген кісі басқарды. Сол кісінің партия ұйымының хатшысы болып 30 жас шамасында Ғалым аға келді. Баян тәтеміз мектепте орыс тілінен сабақ берді. Бұл кісілер ауылымызға келгенде, жаңа бір леп келгендей болды. Мен мектепте комсомол ұйымының хатшысы болатынмын. Сол кездерде бірге араластық. Күзде жүгері жинауға студенттерді алып келетін. Олар ауылдың шетіндегі дала қосында тұратын. Баян тәтеміз бен Ғалым ағамыз студенттердің арасында ойын-сауық ұйымдастыратын. Қызық еді сол кездер. Қай жерде думан бар десе, сол жақта жүретін едік. Қайран жастық шақ. Партия ұйымының хатшысы балып, бір жылдай жұмыс істеді. Шамамен 1972 жылы Басши ауылына совхоз директоры болып ауысып кетті. Мен сол кездері аудандық газетке мақала жазып тұратынмын. Ғалым аға Басшиге барғанда жанданып сала бергені жайында газеттен оқып тұратынбыз. Ол кезде аудандық газетіміз аптасына үш рет шығатын. 1973 жылы Шаймұқан Сапиевтің қызметі жоғарылаған соң аудандық партия ұйымының бірінші хатшысы болып Ғалым Тұрғанбаев ағамыз келді. Бұл кезде мектепті бітіргенбіз. ДОСААФ-та жүргізушілік курста оқып жүргенімізде Алмалы деген ауылға жұмысқа апарады. Жатып істейтінбіз. Сол кезде Ғалым ағаны қырманнан көрдім. Ел-жұртты аралап, хал-жағдайларын біліп, әңгімелескен болатын. Бұл кісінің ерекше бір қасиеті – қарапайым бұқара халыққа өте жақын еді. Облыстық «Жетісу» газетіне меншікті тілші болып істегеніме міне, жиырма бес жыл болыпты. Мұндай қарапайым басшыны көп кездестіре бермейміз. 1999 жылы қыркүйек айында біздің «Жетісу» газетіне «Басшидегі былықтар» деген Болат Абағанның мақаласы шықты. Бұл ұйымдастырылған жала, арандату екенін, ауылдың тұрғындарының бұл мақалаға наразылығын білдіргенде, тілшіміз қатты өкінгенін айтып қынжылды. Қысастықпен жазылғанын дәлелдеу үшін мені Басшиге жіберді. Содан ол жаққа барып, 2000 жылы қаңтар айында «Жазылған жайға қайта ораламыз» айдарымен «Қыңырлықтан туған қысастық» атты Болат Абаған екеуміздің бірігіп жазған мақаламыз жарық көрді. Тілші Ғалым ағаның алдында ақталғандай болды. Ел-жұрттың бәрімен тілдесіп, мақаланың теріс жазылғаны жазылды. 1-Май ауылындағы тұрғындармен тілдескенімде, бұл кісіге қиянат жасалғанын растады. Ертеңіне Басшиде үлкен жиналыс өтті. «Аққа құдай жақ» дегендей, ауыл тұрғындарының айтқан сөздерінің барлығы жазылып, осылайша Ғалым ағамызды көпшілік болып ақтағанымыз бар».

Керімқұлов Тоқтарбай: «Бала кезімізде Алтыүй ауылына партия ұйымының хатшысы болып келді. Жоғары сыныпта оқитын кезіміз. Жақсы бір тұлғаны, яғни агроном, колхоз бастығы сияқты адамды көрсек, соған еліктеп, агроном, иә болмаса, бастық болғымыз келіп, арман қуып жүрген кезіміз. Ғалекең қылшылдаған азамат сол кезде. Өзі сөзге шешен, өңді, сұңғақ бойлы, көрікті, іскер жан еді. «Ей, Алла тағала, бір адамға осыншама бар жақсыны үйіп-төгіп бере салады екен-ау. Ойпырым-ай, осы азаматтай болсақ» деп ойлап, осы кісіге қарап, бой түзеп өстік. Шынымен-ақ, үлкен тұлға бұл кісі. Бүгінгі түсінігім бойынша «патриоттық деген не, отансүйгіш деген кім?» деген сұраққа жауап ретінде Ғалым Тұрғанбайұлының атын атаса, жеткілікті деп ойлаймын. Ол — өз өмірін еліне, халқына арнаған адамдардың бірі. «Жоқшылықта өскен, балалар үйінде тәрбиеленген адамның бойында сүйіспеншілік бола ма екен?» деген сұрақтың дәлелі. Ғалекең қай жерде жүрсе де, өзінің артына үлкен із қалдырған азамат. Кеңес үкіметі кезінде кадр таңдау деген оңай емес болатын. Адамның түріне, бойына қарамайтын. Тек оның іскерлігіне, жауапкершілігіне, тиянақтылығына қарай мамандар жұмысқа алынатын. Өз тізгіні өз қолында болып, өз еріктігімен алға жылжыған адамда ғана өсу бар болатын. Ғалым Тұрғанбайұлы үш жыл осында бірінші хатшы болғанда үш жыл бойы СОКП Орталық комитетінің, БЛКЖО (ВЛКСМ) Орталық комитетінің ауыспалы Қызыл туын иеленді. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері болған Головацкий, Еңбек Қызыл ту орденінің иегері, колхоз бастығы Қожахметов, Біләлов, Сауранбаев атты мықты азаматтардың бар кезі. Ғалым Тұрғанбайұлы жас күнінде-ақ, осындай азаматтармен тіл табысып, елді басқарды. Осы кісілердің бүгінде өздері дүниеден өтсе де, әлі күнге дейін ұрпақтарымен сыйластығы үзілмеген. Ғалекеңді өзім бауырым ретінде, аға ретінде, азамат ретінде үлкен бір тұлға деп есептеймін. Ғалекеңде жалтақтау, «қайтер екен?», «біреуге жақсы көріну» деген мінез жоқ. Ғалекең шынайылықты жақсы көреді. Өзі жақсы көрген адамды қадірлей біледі. Шындықты, әділдікті жаны қалайды.

Ұлттық паркті құрғаннан кейін, Қоңырөлеңнің жолының бойын жағалап, құлан да, арқар да емін-еркін жүретін. Соны менің көзім көрді. Ол – деген еңбек қой. Бұл кісіні патриоттық тәрбиенің үлгісі десек болады.

Шернияз Нұғыманұлы: «Осы ауданда бірнеше шаруашылықтың басшысы болдым. Бүгінде зейнеткермін. Ғалекеңмен Басшиде жұмыс істедім. Одан кейін Киров колхозында парторг, Красный востокта он екі жыл колхоз бастығы, Октябрьдің 40 жылдығы деген колхозда колхоз бастығы қызметін атқардым.  Ғалекеңді 45 жылдан астам уақыт білемін.  Ол менен екі-үш жас үлкен. Мен ол кісіні ұстаз деп есептеймін. Замандаспыз. Ол да жетімдікті көрген, жас күнінен еңбекке араласқан. Жамбыл колхозында Әлімқожа Садуақасов деген ағамыздың,  кейін Киров колхозында Ибраимжан деген ағамыздың шәкірті болып, қарамағында істеген азамат. Басши совхозына директор болып келген күннен бірге араласып, еңбек еттік. 90 жылдары колхоз, совхоздар жекешелендіріле бастағанда, әркімге үлестері берілді. Сол кездерде ұлттық паркті құруға  белсене араласып жүрді. Үлкен тау, Алтынемел, Матай, Қалқан, Қату деген таудың ортасы үлкен жазық. Тарихи табиғаты бар жер. Ар жағында Бес шатыр, ортасында Айғайқұм,  бергі жағында Ақтау,  оның ортасында  үлкен ескерткіштер, таңбалы тастар бар. Мыңбұлақ, Жылбұлақ, Бостан деген жерлерде жабайы аң-құстары өріп жүретін еді. Соны көрген Ғалекең ұлттық парк құрудың басын бастап құрды. Оны құру да оңайға түспеген. Табандылықтың арқасында діттеген мақсатына жетті. Қорық республика көлемінде танымал паркке айналды. Бүгінде  ол ЮНЕСКО-ның тізімінде тұр. Ғалекең — басын бастаған ісін аяғына жеткізбей, тынбайтын жан. Ол – келешектегі жастарға үлгі, өнеге болатын азамат. Рухани жаңғырудың бір тармағы ғой бұл деген, үлкендердің еңбегін бағалап, сыйлайтын. Мұндай адамды кім құрметтемейді, кім мерейтойына ортақ болмайды?  Біз — үзеңгілес достармыз. Мерейтойы болады дегенді естіп, мерейтойына өз үлесімізді қоссақ деп шапқылаудамыз. Анау Ақсудың азаматтары тойдың басын бастапты. Бағдат Байшалұлы бастаған Кербұлақ ауданы дайындық жасап жатқан көрінеді. Панфилов ауданының әкімі жасы кіші болса да ағамыздың абырой-атағын естіп, біліп отыр екен. Панфилов ауданында да үлкен бір той өткіземіз деп отыр.

Бұл кісінің шәкірттері бұл жерде де көп. Барлығымыздың тілегіміз сол — мерейтойы құтты болсын! Той тойға ұлассын!»

«Жақсының жанында жүрсең, шарапаты тиеді» дегендей, Ғалым ағаның жанында жүрген біздер оның жақсы қасиеттерін естіп-көріп, бойымызға сіңіріп, рухани байып қалдық десек, артық айтпағанымыз болар. «Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай — ізет» демекші, өмірі көпке өнеге, жастарға үлгі болатын ағамыз сый-құрметке әбден лайық. Сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Ғалым ағаның мерейтойы құтты болсын!

Айнаш ҚАСЕНОВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here