Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін айтқан болатын.

Демек, көп кешікпей егемен еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалды. Қазақстанның бүгінгі мақсаты – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену.

Латын әліпбиінің маңыздылығы туралы мағлұмат беріп, жастар арасында қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында Сарыөзек ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушының ұйымдастыруымен Күреңбел қазақ орта мектебінің жоғары сынып оқушылары арасында «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы!» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелде латын әліпбиінің шығу тарихы:  Латын  әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з.I ғасырда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарап, Африка, Америка және Азия халықтары пайдаланған. 1929 жылға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылған. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирилл графикасы әліпбиін қолданылып келетіні айтылды.

      Сонымен қатар, Латын әліпбиіне көшудің себептері неде? Латын әліпбиіне көшудің қандай тиімді жақтары бар? Осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітіліп, жастар латын әліпбиіне көшу туралы өз ойларын ортаға салды.

«Біз латын қарпіне көшу арқылы ағылшын тіліне қарай интеграцияланамыз. Әлемдік өркениетке ұмтыламыз. Сондықтан бұл маңызды қадамның ағылшын тілін үйрену үшін де өте үлкен мәні бар. Осы ретте латын әліпбиі әсіресе біздер, жастар үшін ешқандай қиындық тудырмайды деген ойдамын», -деді Күреңбел қазақ орта мектебінің жоғары сынып оқушысы Бауыржан Болатұлы.

Дөңгелек үстел барысында жастар өкілдері Елбасы бекіткен латын әліпбиінің жаңа нұсқасының маңыздылығына тоқталып, бірауыздан латын әліпбиіне көшуді қолдайтындықтарын жеткізді.

      

Әсемгүл ОМАРОВА,

                                             Сарыөзек ауылдық округі әкімі аппаратының

                                             жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here