Көктем келіп, түледі Жер – анамыз
Жіпсіп жатыр маңдайы табиғаттың.
Түрленеді, мінеки, кең даламыз.
Бөленіп шуағына әз-Наурыздың, — деп ақындар
жырлағандай, елімізде наурыз мерекесінің атап
өтіліп жатқаны баршаға белгілі. Осындай мереке
жақында ауданымыздағы Ақ мешіттің
ауласында болып өтті.
«Дін мен дәстүр — егіз ұғым» атты
бұл мерекеге Талдықорған өңірінің
өкіл имамы Ардақ қажы Нүсіпханұлы,
аудан әкімі Алиев Бағдат Байшалұлы,
аудан әкімінің орынбасары Момбаев
Болысбай Тоғысбайұлы, аудандық
орталық мешіттің бас имамы Андақұлов
Сейітқали Жұмашұлы, «Ақ мешіттің
бас имамы Бердібек Нұқтарұлы, ауыл
тұрғындары мен мешіт жамағаты,
облыстық, аудандық БАҚ өкілдері
қатысты.
Шараға сай әсем безендірілген мешіт
ауласы лық толы болды. Камзол киіп,
кимешек таққан әзиз аналар, шапан киген
қарттарымыз мешіт алдына жасалған
сахнадағы көз сүріндірер қолөнер
бұйымдары ою-өрнекпен нақышталған
көрпе, жастық, қолдан тоқылған қалы
кілемдер, оюлы ыдыстар мерекенің сәнін
кіргізді.
Алғашқы құттықтау сөз кезегін алған
Ардақ қажы Нүсіпханұлы жиналғандарды мерекемен
құттықтап, Наурыз – бүкілхалықтық мереке екенін,
парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген ұғымды
білдіретінін, бұл мерекенің түп төркіні байырғы қазақ
күнтізбесі – мүшел жыл есебімен тығыз байланысты
екенін, бұл мұсылман қауымының Ислам дініне кіруден
бұрын орын алған ұлттық мейрам екенін тілге тиек
етіп, қазақ халқының «жыл қайыру» есебіндегі жыл
шекаралары осы наурыз мейрамымен межеленетінін
айтып өтті.
Сөз тізгінін алған аудан әкімі Бағдат Алиев
аудан көлемінде болып жатқан елеулі істерден,
қол жеткізген жетістіктерден, ауданның әлеуметтік
– экономикалық жағдайынан хабардар етіп, 2019
жылдың 31 желтоқсанына дейін Сарыөзек ауылына
жоғары қысымды газ құбырының құрылыс-құрастыру
жұмыстары жүргізілетінін айтып жиналғандарды
қуантты. Содан соң наурыз мерекесі – ізгілік пен
бірлік мерекесі екенін, ежелгі наурыздан бастау алған
дәстүрлер бүгінде жаңаша жалғасып, тың мазмұн
мен мағынаға ие болып отырғанын,
бүгінгі мешіт ауласында өтіп жатқан
мереке осының айғағы екенін, ұлттық
рухын көтеретін іс-шаралардың көп
болуы елімізідің ауызбірлігінің арқасы
екенін айтып, наурыз елімізге құт-
береке қондырып, шуақ алып келсін,
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын деген
ізгі тілегін жеткізді. Құттықтау сөз алған
ауданымыздың қадірлі дәрігері, ақ
жаулықты әже Ұлтай Ахметқызы Алланың
жердегі үйі «Ақмешіттің» ауласында
өтіп жатқан наурыз мерекесінің
маңызы өте зор екенін айтып, бүгінгі
таңда ислам дініне бет бұрып жүрген
қолдарында Құран, ауыздарында иманы
бар жастар легінің көбейіп отырғаны
көңілге қуаныш ұялататынын айтып,
ұйымдастырушыларға аналық ақ тілегін
білдірді.
Бұдан соң арнайы жабдықталған
сахнада, баланы бесікке бөлеу, тұсау
кесу, азан шақырып ат қою, қыз ұзату
рәсімдері көрсетілді. Мереке аудандық
Мәдениет үйі жанынан құрылған «Әжелер
ансамблінің және жас әншілердің
концерттік бағдарламасына ұласты.
Сонымен қатар, жастар алтыбақан тебу,
аударыспақ, арқантартыс, білек күшін сынасу, гір
тасын көтеру сияқты ұлттық ойындар ойнатылып,
жеңімпаздар марапатталды. Мереке соңында Мешіт
жамағатының атынан 450 адамға дастархан жайылып,
наурыз көже таратылып, ата-бабаларға бағышталып,
Құран оқылды. Бұл күні жиналғандар Талдықорған
қаласының өкіл имамы Ардақ қажы Нүсіпханұлының
уағызын тыңдап, әсем әндермен сусындап рухани
байып қайтты.
Мешітте өткен бұл мереке қазақтың көңілі дария,
көкірегі қазына екенін тағы бір дәлелдегендей
болды. Бірлікпен келіп отырған берекемізге, кең
даладай пейілімізге, жиналған адамдардың риясыз
күлкісіне қарап, біздің де кеудемізді қуаныш кернеді.
Осындай салт-дәстүріміз киелі іске айналып,
бірлігіміз-берекеге ұласуына ықпал жасайтын
шараларымыз көп болсын деген ізгі тілекпен
қоса ұйымдастырушылар аудандық орталық
мешіттің бас имамы Сейтқали Жұмашұлына, «Ақ
мешіттің» бас имамы Бердібек Нұқтарұлына және
мешіт жамағатына көпшіліктің атынан рахметімізді
жеткіздік.
Дина АМАНҚЫЗЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here