Басты бет Рухани жаңғыру Туған жерге тағзым
20.04.2018

Туған жерге тағзым

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» атты мақаласында
мәдени кодты сақтай отырып,
тамаша ұлттық-дәстүрлерді
табысты жаңғыртудың басты
шартына айналдыру-қазақстандық
қоғамның бүгінгі әлемдік сын-
қатерлерге қайтарар жауабы.
Мақсатқа жету үшін біздің санамыз
атқарар істерден озып жүруі, одан
бұрын жаңғырып отыруы тиіс.
Өзімізге тән, өз тарихымыз, өз
тұғырымызға сүйеніп, өз рухани
тамырымыздан таралатын
моральдық-этикалық нормалар
жасағын, жаңа Қазақстанның кісілік
кодексін жасауға қауқарлы елміз.
Бұл біз үшін болашақ үшін, ұрпақ
үшін әлем жұртшылығына Қазақстан
елін мәдениеті жоғары парасат-
пайымы орнықты қауым ретінде
қалыптасуымыз керек» деген отты
жолдар бар.
Сонымен қатар, бұл мақалада
патриотизм – кіндік қаның тамған
жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен
өңіріңе, яғни туған жеріңе деген
сүйіспеншіліктен басталатынын
атап көрсеткен болатын. Кіндік
қаны тамған жеріне ғана емес аудан,
облыстың мәдениетіне атсалысып,
өнерімен өрден көрініп жүрген
талантты қыздардың бірі әрі бірегейі
— Қожаханова Сәуле Қасымханқызы.
Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, ел
мәйегі болса, осының қақ ортасында
жүрген Сәуле өмірін өнермен
байланыстырды.
Қасиетті Шоқан ауылында дүниеге
келген Сәуле кішкентайынан ән-жырға
құмар боп өсті. Мектеп қабырғасында
жүргенде түрлі байқауларға қатысып,
жүлделі орындарды иеленіп, ата-
анасын, ауылдастарын қуантып жүрді.
Кішкентай кезінен қазақтың қара
домбырасына деген қызығушылығы
оянып, ән айтумен бірге домбыра
тартуды үйренді. Бұл жолда ұстазы
Жексенбаев Жанғазы Жұманұлына
айтар алғысы шексіз. Өнерге
деген құштарлығы оны мектепті
тәмамдағаннан кейін Қазақ қыздар
педагогикалық институтының музыка-
педагогика факультетіне алып келді.
Аталмыш оқу орнын ойдағыдай
аяқтағаннан кейін бағы жанып, Алматы
қаласындағы Жамбыл атындағы
мемлекеттік филармониясына
қарасты «Отырар сазы» фольклорлық
этнографиялық оркестріне жұмысқа
қабылданды. Қазақтың маңдайына
біткен дара талант иесі, күйші,
композитор, дирижер, халық әртісі
Нұрғиса Тілендиевтің қарамағында
алғаш еңбек жолын бастады. Ол кезде
еліміздің астанасы болған арман
қалада болашақ жары Қуандықпен
кездесіп, тұрмысқа шықты. Осыған
байланысты Маңғыстау облысы
Жаңаөзен қаласына қоныс аударды.
Осы қалада мұнайшы мәдениет
сарайында оркестр әншісі және үйірме
жетекшісі қызметін атқарды. Дүниеге
Ақтілек, Ақылбек атты сәбилерді әкеліп,
ана атанды. Тәрбиелі отбасында өскен
Сәуле келін боп аттаған жерінде де
абыройлы болды. Әкесі Қасымханның
қанымен, анасы Кәмпитханның сүтімен
бойына дарыған асыл қасиеттері оны
қай жерде де қатарының алды етті.
Алайда, кейде адам өмірінде күтпеген
жағдайлар болып жатады ғой. 2010
жылы отбасы жағдайына байланысты
туған жері Шоқан ауылына көшіп келді.
Ауылдағы мәдениет үйіне жұмысқа
орналасып қана емес, ауданның
мәдениетін дамытуға өз үлесін қосты.
Көптеген салмақты байқауларда
бәйгенің алдын бермеді. Ең үлкен
қуанышы осы ауылда ұлы Ерасыл
дүниеге келді, «Дипломмен – ауылға»
бағдарламасымен Сарыөзек ауылынан
үй алды. Үлкен ұлы Ақтілек Қостанай
қаласындағы Ахмет Байтұрсынов
атындағы университетіне грантқа оқуға
түсті.
Өмір болған соң қуанышы мен
қайғысы аралас жүреді ғой. Осыдан
екі жыл бұрын жолдасы қайтыс болды.
Жанына жалау, көңіліне медеу болған
анасы, туыстары, арыстай үш ұлы,
ұжымы, достары Сәуленің қайғысын
бөлісіп, азайтты. Марқұм әкесі
Қасымханнан дарыған қайсарлығы мен
өжеттігі оны сындыра алмады. Өзінің
сүйіп таңдап алған мамандығы, өнері
оны тек алға жетеледі. Осы өр мінезі
шығар, Сәуле 2017 жылы Алматы
қаласында Елбасымыз Нұрсұлтан
Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа
бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы
аясында өткен Халықаралық өнер
фестиваліне қатысып, Бас жүлдені
жеңіп алып, Біріккен Араб әмірлігінің
Дубай қаласында өтетін үлкен
байқауға жолдама алған болатын.
Сол сәтте осы жақсы жаңалықты
алғашқылардың бірі боп естіген
Сәуленің жерлестері шоқандықтар,
қоянкөздіктер қаржылай көмек
көрсетіп, бата беріп, ақ жол тілеп,
шығарып салған болатын. «Көп тілеуі
— көл» дегендей, жақында Сәуле осы
17 мемлекеттің өнер майталмандары
қатысқан байқаудан Бас жүлдені
қанжығасына байлап Алтын медаль
тағып келді. Сәуле тек аудан емес,
Қазақстанның намысын қорғаған еді.
«Ерлік намыстан туады, еңбек табыстан
туады» дегендей, мерейі үстем болған
Сәуле алғаш өзіне ақ жол тілеп, үлкен
сапарға аттандырған ауылдастарына
деген шексіз ризашылығын сөзбен
жеткізе алмады.
Осы орайда жақында Сәуле
Қасымханқызы Елбасы Нұрсұлтан
Әбішұлының «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» мақаласының «Туған
жерге туыңды тік» бағдарламасы
аясында «Туған жерге мың тағзым»
атты концерт берді.
Шанханай ауылдық Мәдениет үйі
лық толы болды. Концертке аудандық
мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің басшысы Әділжан Әділхан,
аудандық Мәдениет үйінің директоры
Гүлмира Аханқызы, аудандық
мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі,
әнші, сазгер, Сәуле Қасымханқызының
өнердегі ұстазы Жексенбаев Жанғазы
Жұманұлы, аудандық ішкі саясат
бөлімінің басшысы Бекбатырова
Гүлмира Дүйсенбекқызы, «Жұлдызым»
жобасының продюсері Ердәулет
Жапарұлы, сазгер, «Нұр» студиясының
жетекшісі Тілеужан Есерханұлы,
Мәдениет үйінің әншілері мен
әдіскерлері, аудандық, республикалық
БАҚ өкілдері, Шанханай ауылдық
округінің әкімі Толыбаев Қоныс
Қожабергенұлы, ауылдық «Ақсақалдар
кеңесі» мүшелері, Шоқан, Қоянкөз
ауылдарының кәсіпкерлері мен
Мәдениет үйлерінің қызметкерлері,
ауылдың тұрғындары, Сәуленің анасы
Кәмпитхан Үсенғалиқызы жанұясымен
және туған-туыстары қатысты.
Бағдарламаны Сәуле Қасымханқызы
ашып, ел-жұртқа осындай отбасылық
концерт беру марқұм әкесінің арманы
болғанын, өкінішке орай, әкесінің
дүниеден озғанын, әке рухына
арналып отырған бұл кеште өзіне
сенім білдіріп, көмек қолдарын созған
ауылдастарына, ұжымына шексіз
алғыс білдіретінін айтып, жиналған
көпшілікке басын иіп, құрмет көрсетті.
Кештің шымылдығы Сәуленің
орындауындағы Латиф Хамидидің
«Бұлбұл» әнімен ашылды. Бұдан
соң Азамат Үмбетов «Молдабай»,
«Ауылдың адамдары-ай» Зәуре,
Эльмира Қожахановалар «Әкем-
әнім», «Күреңбел» квартеті, «Ана
туралы жыр» Сәуле Қожаханова
Мәулеш Әбжапаровпен және Гүлмира
Өтегенова дуэт болып орындаған
«Сүйем мен», «Әйелдің бақыты»,
Эльмира Қожаханова «Бауырлар»
Мәулеш Әбжапаров «Синяя
вечность», Оралбек Тұрысбеков
«Сезімді қайтейін?», «Жүрегім дүрс-
дүрс», Дубай қаласында өткен
Халықаралық ән фестивалінің І орын
иегері Ақбота Базарбаева «Туған
жер», Ерсұлтан Мұхамеджан «Мама»
әндерін нақышына келтіре орындап,
көпшіліктің көңілінен шықса, Сәуленің
ұлы Ақылбек Ақмырза мен сіңлісі Үкілім
Секен «Бір үйдің баласындаймыз» әнін
тойға шашу ретінде арнаса, өнерден
құралақан еместігін көрсеткен кіші
ұлы Ерасыл Ақмырза «Мен бақытты
баламын» әнін анасына сый ғып
тартты. Керемет кештен әсер алған
көрермен көпке дейін қол шапалақтап
Сәулеге қошамет көрсетті.
Ақжарма тілектерімен келген кеш
қонақтары Шанханай ауылдық округінің
әкімі Толыбаев Қоныс Қожабергенұлы,
ауылдың ақылман қариясы Нұртай
қажы, ауылдық Ақсақалдар кеңесінің
мүшесі Сталқан Сейтқазинов, кәсіпкер
Рәбиға Оспанғазиева, Шанханай
ауылдық Мәдениет үйінің директоры
Бауыржан Байсуановтар Сәулеге
деген ізгі ниеттерін білдірді.
Кешті аудандық мәдениет және
тілдерді дамыту бөлімінің басшысы
Әділжан Әділхан қорытындылап,
осындай өнерлі қыз тәрбиелеген
Сәуленің алтын құрсақты анасы
Кәмпитхан Үсенғалиқызына, ауылдың
ақсақалдарына ауыл ағаларына,
концертке атсалысқан барлық
әріптестеріне алғысын білдірді.
Кеш соңында Сәуленің анасы
қызына қолдау көрсеткен барлық
ауылдастарына, ұжымына, достарына,
ағайын-туыстарына аналық алғысын
білдіріп, ауылдың ақсақал қариясы,
Сәуленің әкесінің көзін көрген Нұртай
қажыға, Сәуленің өнердегі ұстазы
Жексенбаев Жанғазы Жұманұлына
қазақтың ырымымен шапан жапса,
өмірдегі сыйласқан рухани жақын
әпкесі Дүйсенбаева Дина Аманқызына
камзол кигізіп, ақ орамал жапты.
Иә, Шоқан ауылының ауызбірлігі
туралы талай айтылып, жазылып
та жүр. Көп сөздің керегі жоқ. Осы
өткен әдемі де, әсерлі ән кеші ізгілік
орнаған жерге, игілік орнаған жерге
игілік ұя салатынын дәлелдегендей
болды. «Асыл мұратқа жол
тартқанда әуелі ақылың жетсін,
ақылың жеткен жерге батылың
жетсін» дейді екен бұрынғының
данагөй қариялары. Ендеше,
өнерімен өрге тартқан, алғанынан
алары көп Кербұлақтың ғана
емес, исі қазақтың мақтанышына
айналып, көмейіне бұлбұл қонған
Сәуле Қасымханқызына қазыналы
жан, тұлпарың баптаулы, сыр
сандығың сақтаулы, ақ үмітің
ақтаулы, өмір жырың жаттаулы
болсын, ғұмырнамаң өткен күннің
елесі емес, болашақты бағындырар
белесің болсын дейміз. Өнеріңмен
өрге жүзе бер дейміз.
Дина АМАНҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз

Н Назарбаевтың мемлекетіміздің даму жолындағы еңбегі ерен

  Пікір Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президенттіктен өз еркімен кетуі туралы шешімі…