«Дін білімдері дүние мен ахиретте тыныштық пен бақыт
әкелетін білімдер болып табылады» деген екен Абдуллахим
Аруани.
Ал қасиетті Құран Кәрімде: «Діндердің ішіндегі ең кемелдісі –
Ислам діні» делінген. Ендеше, дін – адамзат баласын тура жолға
бастаушы, ақ пен қараны халал мен харамды ажыратып, осы
өмірде берекетті өмір сүріп, бақытқа кенелуге және арғы өмірде
Алланың сый-сияпатына ие болып, жәннатқа кіруге бастайтын
тура жол екеніне күмән жоқ. Өйткені дін болмаған жерде
адамзаттың ахуалы төмен болады.
Елбасымыздың дін өкілдеріне ислам дінін терең насихаттау туралы
тапсырма беруі бекер емес. Өйткені бүгінгі таңда «Салафизм»,
«Таблиғи жамағат», «Экстремизм мен терроризм» секілді келеңсіз
діни ағымдар етек жаюда. Біздің елімізде әртүрлі діндер мен
конфессия өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі және өзара тиімді әсер
етуі үшін барлық жағдай жасалған. Алайда, діни білімі жоқ жандардың
«Хибз-ут-Тахрир», «Орталық Азиядағы моджахеттер жамағаты»,
«Таблиғи жамағат» сынды экстремистік және террористік ұйымдарына
кіріп, орны толмас өкінішке ұрынып жатқаны да жасырын емес. Ислам
бағытын ұстанған экстремистік топтық ең көп тараған түрі «Таблиғи
жамағат» ұйымы болатын. Соңғы жылдары ел арасына іріткі салып
жүрген бұл ұйымдарға қарсы шаралар барынша жасалып жатыр.
Елордасы Астанада әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының
төрт съезі өтті. Мұның бәрі еліміздегі тыныштық пен ауызбіршілігімізді
сақтап қалу үшін жасалып жатқан әрекеттер.
Біздің ауданымызда да бұл мәселе барынша жақсы жолға
қойылған. Ауданның діни мәселелері бойынша инспекторы Мақсат
Бектемировтың бастамасымен, ауданның дін өкілдерімен бірлесе
атқарып жүрген іс-шаралары көптеп саналады.
Жақында ауданның діни мәселелер бойынша инспекторы Мақсат
Бектемиров, аудан бойынша терроризмге қарсы мәселелер жөніндегі
бас маман Сұңғат Молдақапас, ерекше білімі мен ілімінің арқасында
жамағаттың ғана емес, жалпы аудан тұрғындарының үлкен ілтипатына
бөленіп жүрген «Ақмешіттің» бас имамы, РАНТ мүшесі Бердібек
Нұқтарұлы, аудандық БАҚ өкілдерінің қатысуымен бір кезде жат
ағымның жетегінде кетсе де, бұл күнде тура жолға түсіп, кейінгі буын
өкілдеріне орынсыз қателікпен сақтандырар ақыл-кеңесін айтып
жүрген жерлесіміз Сәкен Жетпісбаевпен еркін сұхбат өтті.
Алғаш сөз тізгінін алған Бердібек Нұқтарұлы елімізде сот шешімімен
экстремистік ұйым ретінде танылған және тыйым салынған діни-
миссионерлік ұйымның қызметін тоқтатуға бағытталған түсіндіру
жұмыстары әрқашан жүргізіліп тұратынын, 2013 жылдың 26 ақпанында
Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен
аталған дініи ұйымның Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым
салынғанын, ҚР Дін істері агенттігінде қызмет ететін дінтанушылар
таблиғишылардың негізгі кітабы болып табылатын «Фазаил амали»
кітабына талдау жасап, бұл қозғалыстың мақсаты-адамдардың ерік-
жігерін басып, жеке бастарының әрекетін шектеуге бағытталғаны
анықталғанын баса айтып, әр азамат өз дінін қорғаса – бұл үлкен сауап
екенін, өйткені Ислам діні тек ізгілікке бастайтынын тілге тиек етті.
Журналистерге өз еркімен сұхбат беруге келіскен Сәкен Жетпісбаев
өз ойымен бөлісті.
— Алла жолына түсіп, намаз оқимын. Ешкімге жасаған қиянатым жоқ.
Діни сауатым болмағандықтан, бір кезде қателікке ұрынғаным рас.
Ауыр күнә жасамасам да, еліме зиянымды тигізбесем де Алла алдында
күнәға батқанымды мойындаймын. «Таблиғи жамағат» ұйымының
мүшелері ел ішінде «Таблиғшылар» немесе «Дағуатшылар» атауымен
таныс болды. Бұл діни қозғалыс бейресми халықаралық белсенділер
топтарының торы екенін және олардың идеологиясы мен іс-әрекеттері
туралы білмедім. Ел аралап, тек уағыз айттым, жастарды сауапты іс
жасауға шақырдым. Осы жолда Алланы тануға талпынып жүрмін деп
ойладым. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген ғой атамыз
қазақ. Елімізде сот шешімімен тыйым салынғанын естіген сәттен
бастап, қателігімді ұғып, жаңаша өмір бастадым. Жұмысқа тұрып,
дінге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Ұрпағыма ұлағатты сөз
айтып, Ислам дінін насихаттаймын. Алланың алдында да, халықтың
алдында да «жат ағымынан аулақ боламын» деп азаматтық уәдемді
беремін,-деп ағынан жарылды Сәкен.
Бұдан соң сөз кезегін алған ауданның дін істері мәселелері бойынша
инспекторы Мақсат Бектемиров, аудан бойынша терроризмге қарсы
мәселелер жөніндегі бас маман Сұңғат Молдақапас еліміз Тәуелсіздікке
қол жеткізіп, дүние жүзіндегі алпауыт мемлекеттердің қатарына кіріп
отырған шақта кейбір өңірлерде болып жатқан экстремизим және
терроризм секілді келеңсіз оқиғалардың алдын-алу мақсатында
ауданда ақпараттық насихат тобы құрылып, ауыл-ауылдарды аралап,
жамағатпен, жастармен жүздесулер ұйымдастырылғанын, күдік
тудыратындай әрекеттер туындаған жағдайда кез-келген адам заң
бойынша жазаланатынын ескертті.
Ия, бүгінгі таңда жат ағымдардың жетегінде кеткен жастар
туралы айтылып та, жазылып та жүр. Оларға қарсы елімізде
көптеген істер атқарылып, оң нәтижелер беруде. Бұл күрес-дінмен
емес Ислам дінін бұрмалағандармен күрес болып саналады.
Бүгінгі сұхбат 50 жасты еңсеріп, оң мен солын таңдаған, өсек емес-
өсиет айтатын азаматтың жан айқайы деп білдік. Ал ауызбірлік
пен ынтымақ деген қастерлі ұғым — елімізде тұратын әрбір ұлт пен
ұлыстың қадір тұтар қағидасы. «Отанды сүю – иманнан» дейтін
сөз бар қазақта. Ендеше, өз елін, өз жерін, өз тілін құрметтейтін
иманы күшті ұғымды ұлдарымыз бен бұрымды қыздарымызды
имандылыққа тәрбиелеуді ұмытпайық.

Дина АМАНҚЫЗЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here