Басты бет Иман айнасы Ислам – дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз
25.11.2018

Ислам – дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз

Қазақ — ежелден мұсылман халық.
Ислам дінімен қауышқанына он екі ғасырдан асты. Сол замандардан бастап ұлттық
сана-сезімі, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті асыл дініміздің құндылықтарымен
бірге дамыды. Бір-бірімен астасып, ажырамас құндылыққа айналды.
Показать полностью…
Ислам діні қазақ хандарының идеологиялық бағыты болды, мемлекеттік дініне
айналды. Біз салт-дәстүр дегенде тек қана мәдени әдет-ғұрыптарымызды ғана
емес, сонымен бірге, ұлттық мінез-құлық қағидаларын, әдептілік ұстанымдарын,
адамгершілік қағидаттарына айналған моральдік принциптерін, тағылымды тәрбие
ұстындарын, даналықты, ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұраларымызды
айтамыз. Осы мұраларымызды көздің қарашығындай қорғап, кәдеге асырған
жағдайда ғана ұлттық болмысымызды сақтап қаларымыз анық.
Қоғамдағы ізгі рухани құндылықтарды сақтап қалу — бүкіл әлеуметтің ортақ міндеті.
Қоғамда шығып жатқан талай келеңсіз жайттар ең алдымен ата-дәстүрімізден
жалғасып келе жатқан ибалық, имандылық, ұяттылық, қарапайымдылық,
кішіпейілділік, қанағатшылдық сияқты асыл қасиеттерден, дегдарлық дәстүрімізден
айрылып бара жатқандығымызды білдіреді. Біз имандылыққа шақыру дегенде тек
құлшылыққа, ғибадатқа шақыруды ғана айтпаймыз, ең алдымен халқымызда бар
әдептілікке, жақсы мінез-құлыққа, адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынасқа,
мейірімділікке, иманды тәрбиеге шақыруды айтамыз.
Пайғамбар (с.ғ.с.) да өзінің адамзатқа елші етіп жіберілуінің ең басты
мақсаттарының бірі көркем мінез-құлықты толықтыру екендігін баса айтқан.
«Мен ізгі ахлақтарды толықтыру үшін жіберілдім» (әл-Хаким).
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған бағыты да ата-
бабамыздан жалғасып келе жатқан діни дәстүрлерімізді жаңғырту, елдің рухани
құндылықтарының қайта түлеуіне мұрындық болу болып табылады. Қазақ халқы
замана көшінен қалып қойған жұрт емес. Өзіндік мәдениеті, тілі, ділі, салт-дәстүрі,
бабалар салып кеткен діни бағыты бар. Ол бағыт Құран Кәрім аяттары мен
Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне негізделген сара жол. Оның ішінде шариғаттағы іс-амал
бойынша Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы, ал діни танымдық мектебі Имам әл-
Матуриди қалыптастырған тура жол. Осы бағыт діни бірлестіктер туралы заңда да
айқын көрсетілді.
Шариғатта «Фиқһул-әуләуиат» деген ұғым бар. Оның мағынасы қазіргі кезде
ең өзекті болып тұрған мәселелерге басымдық беру, солардың шешімін көрсетіп
беру дегенді білдіреді. Мысалы, қазіргі қазақ қоғамында көкейтесті мәселелердің
қатарында қоғамда белең алып бара жатқан індеттер, келеңсіз жайттарға қарсы
күресу, жастарды имандылық жолына тарту, қазақтың ізгілік дәстүрлерін қайта
жаңғырту, діни сауатсыздықты жою сияқты мәселелер тұр. Ал әлдебір шала оқыған
діндардың арасындағы дүрдараздық, пікір қайшылығы ең басты мәселе емес.
Осы бір аса маңызды нәрсе көп адамдардың назарынан тыс қалуда.
Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне
ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Өзге елге барғанда өз еліңнен
айырмашылығын бірден байқайсың. Өз жұртыңның артықшылығын, кемшілігін
бағалай аласың. Мұның өзі Жаратушының әрбір халықтағы иләһи белгілері, хикметі.
Ақиқатында, адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің
һәм тілі мен диалектісінің әркелкі болуы — Алла Тағаланың айнымас аяттары.
Оларды мойындамау, белден басу, теріске шығару — Жаратушының хикметпен
жарату заңына қарсы шыққанмен тең.
Әдет-ғұрып — заман ауысқан сайын өзгеріске ұшырап, дамып отыратын құбылыс.
Сондықтан да фиқһ ғұламалары әр заманға және қалыптасқан әдет-ғұрыпқа сай
кейбір тармақты үкімдердің өзгеріп отыратындығын айтқан. Осы себепке байланысты
түрлі мәселелерге пәтуә беретін шариғат ғалымынан өзі отырған аймақтың әдет-
ғұрпы мен мәдениетінен толыққанды хабардар болуы талап етіледі. Жаратқан Иеміз
еліміздің тәуелсіздігін, тыныштығын баянды етсін. Жан-жақты дамыған, имандылық
салтанат құрған іргелі елге айналдырсын!
Сейтқали АНДАҚҰЛОВ,
ауданның бас имамы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз

Н Назарбаевтың мемлекетіміздің даму жолындағы еңбегі ерен

  Пікір Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президенттіктен өз еркімен кетуі туралы шешімі…