Таяуда аудандық кітапханада «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерінің жүзжылдығына орай, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Додабайұлы Әбдірахым және «Огни Алатау» газетінің экономика бөлімінің басшысы Жанар Жексенбекқызы Мықтыбаева аудан тұрғындарымен жүздесті.
Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Болысбай Тоғысбайұлы Момбаев қонақтарды таныстырып, сөз кезегін «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Додабайұлына берді.
— Қадірлі ағайын, өздеріңіз білесіздер, биылғы жылы Алматы облысындағы «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттерінің жүзжылдық мерейтойлары аталып өтейін деп жатыр. Жылдың басынан дайындық басталып кетті. Ұлыстың ұлы күнінде, Жастар орталық паркінде қос газеттің үлкен көрмесі өтті. Екі газеттің де алғашқы сандарын, содан бергі «дөңгелек даталарға» байланысты жарық көрген іс-шараларды, журналистер басқан жазу машинкаларын, газетті әр жылдары басқарған редакторларды, онда жұмыс істеген қарымды қаламгерлерді оқырмандарға таныстырған болатынбыз. Алдын ала жасалған жоспарға сәйкес оқушы, жас ақындар арасында үлкен айтыс ұйымдастырылды. Облыс көлемінде спорттық жарыстар өтіп, облыс әкімі тағайындаған арнайы жүлделер бойынша қатысушылар марапатталды. Республика бойынша да спорттық жарыстар өтті. Аудандарды аралап, оқырмандармен кездесу өткіземіз деген ойымызда жоқ еді, алайда Еңбекшіқазақ ауданының әкімі бізге телефон шалып: «Екі газеттің де мерейтойы екен биыл. Сол тойларыңызды біз бастап берейік» деген ұсынысымен тойымыз солай басталып кеткен еді. Бұл ауданда аталып өткен соң өзге аудандардың да оқырмандарымен кездесу өткізуді ойластырдық. Осылайша өздеріңізбен де қауышып отырмыз. 1918 жылы Жетісуда 8 наурызда «Заря свобода» деген атаумен газеттің алғашқы саны жарық көрді. Тарихын ары қаза беретін болсақ, «Заря свобода» газетінен бұрын да бірнеше атаумен шыққан тарихы тереңдеп кете береді. Біз енді 1918 жылдан алып отырмыз. Кеңес Үкіметі Жетісуда орнаған кезде ревком ең бірінші кезекте газет шығаруды қолға алған. Сөйтіп, 1918 жылы 8-наурызда «Заря свобода» деген атаумен шыққан екен. Кеңес үкіметінің, революцияның мақсатын қалың бұқараға газет арқылы түсіндіру керек болды. Газеттің бір бөлігі ретінде қазақша, ұйғырша, орысша мақалалар шығып тұрды. 21 наурызда «Жетсу іші халық мүхбірі» деген атаумен газет шықты. Сабыржан Шәкіржан деген жан-жақты білімді азамат алғашқы редакторы болды. Газетте бірнеше тілде мақалалар жарияланып тұрды,-деп, қос газеттің қыры мен сырын ашып, оның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленді Сарыбаев, АОФ АҚ «Қазпочта» Кербұлақ АПБТ бастығы Қуаныш Борманбеков, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Азамат Ақылбеков, «Кербұлақ жұлдызы» газетінің директор-бас редакторының орынбасары Айнаш Қасенова, Д.Қонаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Чинибаева, №49 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Орынбаева газеттердің жүзжылдық мерейтойларымен құттықтай келе, өз ойлары мен пікірлерін білдірді.
«Огни Алатау» газетінің экономика бөлімінің басшысы Жанар Жексенбекқызы «Огни Алатау» газетінің ескі нөмірлерін оқырмандарға ұсынып, газеттің тарихымен таныстырды. Қос газеттің өкілдері тұрақты оқырман ретінде ауданның бірқатар азаматтарын марапаттады. Атап айтсақ, газеттердің таралуына атсалысқан АОФ АҚ «Қазпочта» Кербұлақ АПБТ бастығы Қуаныш Борманбеков, «Жетісу» газетінде ауданның жағымды жаңалықтарын тұрақты жариялап жүрген «Кербұлақ жұлдызы» ЖШС-нің директор-бас редакторы Ләйлә Оңалбаева және «Кербұлақ жұлдызы» ЖШС-нің директор-бас редакторының орынбасары Айнаш Қасенова, «Огни Алатау» газетінде кішкене кезінен мақалалары жарияланып тұрған, Қоғалы ауылының тұрғыны, Панфилов атындағы орта мектептің оқушысы Батыр Кеңесбек Алғыс хатпен және заттай сыйлықтармен марапатталды. Марапатталғандар естелікке суретке түсті.
А.МӘМІЛЕНҚЫЗЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here