Қыздың жолы жіңішкеҚызбала

Таяуда Қаспан орта мектебінің мәжіліс залында «Қыз өссе – елдің көркі» атты шара өтті. Бұл жиынға облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ниязқызы Ақбасова, аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Арайлым Сайлаубекқызы Оразалиева, ауылдық округтің әкімі Ермек Сарқытбайұлы Досалбаев, ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Жанар Райханбекқызы Умарова, мектеп директоры Дастан Есіркесінұлы Ешкенов, ұстаздар, жоғары сыныптардың қызбалалары және аналар қатысты.
Шараның мақсаты — қызбалаларға адамгершілік, адалдық, жүріс-тұрыс дағдысы, қыз намысы, сымбаты туралы жан-жақты мағлұмат беру, қызбаланың бойына рухани адамгершілік, әдептілік, сыпайылық, тиянақтылық, имандылық, тазалық қасиеттерін дамыту, халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қадірлеу, ұлтжанды, отансүйгіштік сезімдерге баулу, тәрбиелеу.
— Қызбала — бойжеткен, келін, ана,
Бәрі де дер кезінде дара тұлға.
Ұрпағыңның ойласаң болашағын,
Қызды сыйла, жамағат, қызды сыйла! –деп бастаған жүргізуші Айдана Тоқтарбек Талғатқызы отырысты ашық деп жариялап, қонақтармен таныстырды.
Қаспан ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы Еркежан Сейітрәсімқызы Тоқабаева алғашқы сөзді алып, баяндама жасады. «Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Шығыс халықтарының арасындағы, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ» деп айтқанындай, халқымыз «Қыз — қонақ» деп, төрден орын беріп, қыздарды қонақ ретінде көрген. «Қыз қылығымен тәтті», «Қыздың жолы жіңішке», «Қызды қырық үйден тыю» деген даналық сөздер мен мақалдардан аңғаруға болады. Ата-ана үшін ұл болса да, қыз болса да дүниеге келген баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қатарынан қалдырмай өсіріп жеткізу — міндет. Бала – біздің болашағымыз, өміріміздің жалғасы. Қызбаланың тәрбиесі — күрделі әрі жауапты іс. Ертеде ата-бабаларымыз әшекей бұйымдарды қыздарына тағып қойған екен. Мұның өзі тал шыбықтай жайқалып өсіп келе жатқан қызбаланы сұқ көздерден қорғап, көз тиюден сақтаған. Қазақы ою-өрнекті сыңғырлаған сырғаның, шашбаудың сыңғырын естіртпей, ақырын басып жүрудің өзі – салмақты, сабырлы, сыпайы, инабатты болып өсуіне септігін тигізген. Қазақ қыздарын болашақ ана, ұрпақ жалғастырушы деп қараған. Қазақ аталарымыз айтқандай, қыздарымыз қылықты болсын, ұлдарымыз ұлықты болсын».
Баяндамадан соң оқушы Қымбат Сыламбай «Ана» әнін орындап берді. «Қазақ қызы қандай болуы керек?» атты видеоролик көрсетіліп, көрсетілім бойынша жасөспірім қыздар ойларын ортаға салды. Мағынасын кеңінен ашу үшін аналар қауымына да мынадай: «Сіздің ойыңызша қазіргі қыздар қауымының бойында қандай қасиеттер өз құндылығын арттыруда немесе төмендеуде?», «Қазақ отбасында қызбаланың тәрбиелік мәні қандай?», «Қыз өссе — елдің көркі» деген сөзді қалай түсінесіз?», «Қыздарға байланысты қандай тыйым сөздерді білесіздер?», «Ата-бабамыздың тәрбиесі мен қазіргі тәрбиенің айырмашылығы бар ма?» деген сұрақтар қойылды. Бұл сұрақтарға әжелер – Шарапат Көпшиева мен Данышпан Муқанова, аналар — Гүлмира Байбосынова, София Ибраимова, Бақытгүл Тұрсынбаева, сондай-ақ, ұстаздар – Жанна Мұхамед, Салтанат Қарақойшынова, Гүлсім Байғалиевалар тұшымды жауап беріп, өз ойларын ортаға салды.
Ата-бабаларымыз: «Қызды қырық үйден тыю, қала берсе, қара күңнен тыю» деген нақыл сөзбен айтар ойын жеткізе білген. Демек, қызбала тәрбиесіне тек қана ата-анасы ғана емес, бүкіл ауыл, бүкіл ел жауапты болған. Осы орайда «Қыз тәрбиесі» атты сұрақ-жауап көрінісі көрсетілді. Бұған 9а сынып оқушылары — Ділназ Сенбек, Малика Бақытжанқызы, Рузана Ақбүркіт қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Математика пәнінің мұғалімі Бақытжамал Лаханова ана туралы монолог, сондай-ақ, жоғары сыныптың қыздары «Қыздар» тақырыбында өлеңдер оқыды.
Бұдан соң Айдана Талғатқызы психологиялық тренинг өткізді. Әркім кактустың суретін салып, өздерінің мінезін анықтады. «Қызым, саған айтамын…» атты видеобейне көрсетілді.
9ә сынып оқушысы, облыстық би байқауының І орын жүлдегері Әдемі Асылхан «Тауыс» биін мың бұрала билеп, қошеметке бөленді. Ана мен қызбаланың өзара қарым-қатынасына байланысты ойын ұйымдастырылып, оған София Ибраимова, Жанна Мұхамед және Дильназ, Жансая Досымбековалар қатысып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара білді.
«Қыз сұлу көрінеді өрнегімен,
Тізілтіп сөз маржанын тергенімен.  Дарытқан бар асылды өз елінен,
Қыз сұлу көрінеді өрнегімен» дегендей, постерге қазіргі қоғамдағы қызбаланың моделін түсіріп, әр топ өзінше қорғады.
Шараға қатысқан қызбалалар «Қазақ қызы» әнін хормен айтып, залды бір серпілтіп тастады.
Бұдан соң қонақтарға сөз кезегі берілді. Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ниязқызы: «Құрметті аналар, ұстаздар, біздің жасөспірім қыздарымыз, бүгінгі іс-шараға келіп, қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Қаспан ауылына келген бірінші сапарым емес, Еркежан апай осының алдында да осындай мәнді де мағыналы отырысты өткізген болатын. Ол кезде де тебіреніп қайтқан болатынбыз. «Ауылына қарап, азаматын таны» деп жатады. Осы ауылдың әкімі болып жаңадан Ермек ініміз келіп жатыр. Дастан баламыз да бір мектепті ұйытып отыр. Кішкентай ғана іс-шараға үлкен үлес қосып, өздеріңіздің ауызбірліктеріңізді паш етіп отырсыздар. «Қыз өссе – елдің көркі» деп тақырыпты жақсы таңдағансыздар. 8-9-10 сыныптың қызбалалары қатысып, өз ойларымен бөлісіп, тәрбиелік білімдерін ортаға салып жатыр. Қыздар, сендердің әрқайсыларыңа қарап, көңілім толып отыр. Қазақтың нағыз қыздары осындай болуы керек. Шашты өріп, ешқандай боямасыз, әдепті, жып-жинақы болып жүрсеңдер – нағыз сұлулық сол. Әрқайсыларыңның табиғи сүйкімділіктерің мен сұлулықтарың бар. Көп ыржақтаған қыздар сүйкімін кетіріп алады. Арғы тарихымызға оралатын болсақ, жаугершілік заманда бір ауылды жаулап алу үшін алдымен тыңшы жібереді екен. «Ана ауылды барып бақылап келіңдер. Біз оны ала аламыз ба, жоқ па?» деп. Ол неге байланысты болған? Әрине, әйел адамдарға байланысты болған. Егер ол ауылдың тәртібі мықты болып, әйел-аналары, қыз-келіншектері тәртіпті, үлгілі, өнегелі болатын болса, ешқандай жау ала алмаған екен. Неге «Қыз – ұлттың анасы» дейді? Яғни, біз қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз. Сендер бойжетіп келе жатырсыңдар. Он үш жастан асқаннан кейін қызға бозбалалар қырындай бастайды. Қадір-қасиетті болу үшін қызбала салмақты, әруақытта шешілмейтін жұмбақ болуы керек. Біз кішкене күндерімізде кітап оқитынбыз. Ұялы телефонды көп ата-аналар балаларға беріп қояды. Оның ішінде неше түрлі дүниелер болады. Соған айналып, балалар сабаққа көңіл бөлмейді. Бала күнімізде әдеби кітаптардың өзін ата-аналарымызға көрсетпей оқитынбыз. Өйткені, «Сабақ оқы!» деп ұрсатын. Сол кезде оқыған кітаптарымыздың қадір-қасиеті бізге жеткен болар, жаман болғамыз жоқ. Кітапты көп оқыған адам ешуақытта жаман болмайды. Кітапты оқи отырып, жақсыны алып, жаманнан жиреніп отырасың. Сондықтан кітапты көп оқу керек. Республикалық үлкен кеңесте 7-8 минуттық баяндама жасадым. Енді 6-желтоқсанда дәл осы қыздардың жұмысымен Петропавл қаласына барамын. Облыс, республика бойынша біздің аудандық Аналар кеңесі І орында тұрса, аудан бойынша Еркежан апай І орында тұр. Еркежан апай, сізге Алланың нұры жаусын. Жиі-жиі қызбалалармен жиын өткізіп тұрсақ, қыздарымыз жаман болмайды. Қыздар, Әсет Қайратқызының «Қыз өссе — елдің көркі», Зейнеп Ахметова апамыздың «Шуақты күндер» атты кітаптарын оқысаңдар, өмірде керекті азықты ала алатын боласыңдар».
Ауылдық округтің әкімі Ермек Досалбаев: «Қыз өссе – елдің көркі» деген сөз бекерге айтылмайды. Осы тақырыпта өтіп жатқан шараның мәні де, маңызы да бар деп ойлаймын. Мен ауылымыздың қыздарын «Қаспанның қыздарын-ай!» деген атқа лайық болады деп сенемін. Өзге ауылдың ата-аналарының «Қаспан ауылының қыздарындай болыңдар!» деп тамсанатындай болсын дегім келеді. Және қазақ қыздары әрдайым қиын-қыстау кездерде, бастарына қандай қиындық туса да өздерінің қазақи мінездерінен ешуақытта аумаған. Оның дәлелі, кешегі Әлия мен Мәншүк, кешегі 16 желтоқсанға қатысқан Ләззат апайларың сияқты қыздарымыз өздерінің адалдықтарын, ибалы, инабаттылықтарын дәлелдеп, қайсарлықтарымен таныла білген. Сол қыздардан қазіргі ұрпақ та кем емес. Алайда, еуропалықтарға еліктеушілік басым. Сондай жаман қылықтардан қыздарымыз ада болсын. «Ауылым — алтын бесігім» деген ұлы сөз бар. Ауылдың бесігінде тербеліп өскен қыздар жақсы болады деп ойлаймын. Себебі, мен қыздарды гүлге теңеймін. Гүлді де мәпелеп, аялап баптаса, күн нұрынан нәр алса, жайқалып өседі. Ата-аналар, біздер, қыздарымызды мәпелеп, аялап, әлпештеп өсірейік. Шараны ұйымдастырған Еркежан апайымызға көптен көп рахмет. Бұл кісі зейнеткерлікте жүрсе де ауылдың болашағы үшін «Айрандай ұйып отырған ауылымыздың ауызбірлігі мығым болсын, жастары тәрбиелі болсын» деп еңбек етіп жүр. Ғалия Ниязқызының да нардың жүгін көтеріп жүргенін білеміз. Облыстық, республикалық жарыстарда алдыңғы қатардан көрініп, ауыспалы вымпелды иеленгенін де газеттен оқып жатырмыз. Сізді осындай марапаттарыңызбен құттықтаймыз. Бүгінгі шараға арнайы келіп, өз тәжірибелеріңізбен бөліскендеріңізге көп рахмет».
Мектеп директоры Дастан Есіркесінұлы: «Бір ұлды тәрбиелесең — бір әулетті тәрбиелегенің, бір қызды тәрбиелесең – бір ұрпақты тәрбиелегенің» дегендей, қызбалаларға әрқашан дұрыс тәрбие берейік. Ата-аналарының сүйкімді де ақылды қыздары болсын. Мектебімізден түлеп ұшқан қыздарымыздың жақсы деген аттарын естиік» десе, аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Арайлым Сайлаубекқызы да қыз тәрбиесінің бүгінгі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екенін тілге тиек етіп, жасөспірім қыздарымыздың әрқашан жолы ашық болып, өмірде бақытты болуын тіледі.
Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ниязқызы қонақкәде ретінде музыка пәнінің жетекшісі Болат Жексембаевтың баянмен сүйемелдеуімен «Ана туралы баллада» және «Әкем — әнім» әндерін орындап беріп, қошеметке бөленді.
Ауылдық округтің Аналар кеңесінің төрайымы Еркежан Сейітрәсімқызы: «Ғалия Ниязқызы, Қаспан ауылына арнайы ат арылтып келгендеріңіз үшін сіздерге үлкен алғысымды айтамын. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, бұл шараның өтуіне үлкен үлес қосқан ауылдық округтің әкімі Ермек Сарқытбайұлы, мектеп директоры Дастан Есіркесінұлы және кітапханашы Мөлдір Аязбаева, Әйгерім Сәбденбекова, Гүлмина Бақыт атты қыздарымызға рахметімді айтамын» деп, шараны қорытындылады.
Айнаш ҚАСЕНОВА.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here