Басты бет Иман айнасы Жоламан ауылында қатымхана ашылды
26.11.2018

Жоламан ауылында қатымхана ашылды

Таяуда бабаларымыздың қаны тамған киелі мекен Жоламан ауылында қайырымдылық асханасы ашылды. Жалпы ашылу салтанатына келген халықтың қарасы қалың. Бұл ауыл тұрғындары үшін орны бөлек мереке. «Жанашыры болса — жер тозбайды, азаматы болса — ел азбайды» демекші, ауыл азаматтарының жұдырықтай жұмылған ауызбірлігінің арқасында ауыл ортасынан 300 орынға арналып салынған қатымхана бой көтерді.
Алғашқы құттықтау сөз Жоламан ауылдық округінің әкімі Нүспеков Дәулет Мұратбекұлына берілді.
— Құрметті Жоламан ауылының тұрғындары, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отырған ауыл халқына мың алғыс. Ауылымызда қандай жағдай болмасын, ауыл азаматтары бір үйдің балалары секілді ауызбірлікпен еңбек етіп, қолдан келген көмектерін аямауда. Осы нысанға қолұшын берген әрбір адам, кейінгі өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі. Сондықтан құрметті ауыл тұрғындары, сіздердің отбасыларыңызға береке-бірлік, сауапты істеріңіз көп болып, ауылымыздың әрбір тұрғыны алдыға қойған мақсаттарына жете берсін,-деп ақжарма тілегін білдірді.
Келесі сөз тізгінін алған ауданның бас имамы Қанат Маратұлы:
— Құрметті жиналған қауым, сіздердің жасаған істеріңізді, тілеген дұғаларыңызды Алла Тағала қабыл етеді. Бұл атқарылған істеріңізге сансыз сауаптар жазылады. Жаратқан Алла біздің біліп-білмей істеген істерімізді кешіруі үшін бес уақыт намаз, ниетіміз түзу, ішкен асымыз адал болумен қатар, ата-ананың разылығын алып, әрдайым, дұға етуіміз керек, сонда ғана шексіз сауаптар жазылып, жасаған күнәларымыз кешіріледі, өйткені, Алла Тағаланың мейірімі шексіз. Сондықтан құрметті жамағат, жын-шайтандардың үйінде емес, барлығымыз Мешіттің төрінде кездесуге нәсіп етісін. Ауылдарыңызға береке-бірлік, жүректеріңізге имандылық тілеймін, бүгінгі ауылға деп жасаған істеріңзге Алла Тағалаға береке берсін,-деп сөзін аяқтады.
Құрылыстың бүге-шігесіне дейін жетік меңгеріп, өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін беріп, қаржылай қолдап жүрген және Құран кітаптарды сыйға тартқан Кереев Қайрат Нұрғабылұлына, құрылыс барысында алғашқы кірпішінен, соңғы шегесіне дейін атсалысқан Осылхан Жүнісов, Ұлықбек Күшбаев, сондай-ақ, Ғалия Тәңірбергенқызына, Шәріпқан Нұржаубековке, Мұрат Аязбаевқа, Қанат Диханбаевқа, Райхан Керееваға, Қайрат Ахметовке, Қожан Байымбетовке, «Шадиев шаруа қожалығының» басшысы Бахром мырзаға, Нұрланбек Қазақбаевқа, Алмас Байымбетовке, Қанат Аязбаев сынды ауылдың біртуар азаматтарына ауыл халқының алғысы шексіз. Сонымен қатар, Мираш Несикпаеваның қыздарының ауылына, бүгінгі көтерген қатымхананың құрылысына қосқан үлесі зор.
Сондай-ақ, жағымды жаңалықтарымыздың бірі Аргентина мемлекетінің астанасы, Буэнос-Айресте өткен жастар арасындағы олимпиададан алтын жүлдеге қол жеткізген Жоламан ауылының тумасы, төрткүл дүниеге еліміздің Гимнін шарықтатқан, ауылымыздың жетістігі, қазақ елінің чемпионы Бекарыс Сәдуақасқа және бапкері Азамат Балпуховқа Қанат Аязбаев, Ұлықбек Күшбаев, Қанат Сарисунов, Алмас Байымбетов, Руслан Досымбеков, Ернұр Баймұратов, Сейіт Ауелбеков, Медет Аязбаев қазақи нақышта сәйгүлік мінгізіп, иығына шапан жапты. Ауыл халқының, қарапайымдылығы, бірлігі, имандылығының арқасында осындай игі істер орын алуда.
Мерекелік іс-шара соңында Кербұлақ ауданының бас имамы Қанат Маратұлы мен Жоламан ауылының белсенді азаматы Қайрат Кереев лентасын қиса, ауыл имамы осы құрылысқа еңбегі сіңген бірқатар ауыл азаматтарын марапаттады. Жиын соңы Жоламан орта мектебінің дайындаған шағын концертіне ұласты.

Дидар ДИХАНБАЕВ,
аудандық жастар орталығының маманы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз

Н Назарбаевтың мемлекетіміздің даму жолындағы еңбегі ерен

  Пікір Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президенттіктен өз еркімен кетуі туралы шешімі…