10.01.2019

Сол бір түнде!

 

Жаңа жылды қарсы алуға бірнеше сағат қана қалды. Жарты күндік жұмыстан кейін шашын қиғызып, әдемілеуге шаштаразға кіріп шыққан Гүлім қаладан алпыс шақырым жердегі туған ауылына асықты. Ауылға қарай шығатын жолдың аялдамасына күн ұясына бата жетті. Онда қараң-құраңдаған бірнеше жан жол бойынан көлік күтуде. Әркім әр жаққа, өздерінің діттеген жерлеріне асығып тұрғаны айтпаса да түсінікті. Жолдың шетінде бүрсең қаққан жігіт ағасы Гүлімге жақындап:
— Қарындас, қайда барасыз?-деді.
— Ауылға.
— Ауылың қайсысы?
Ол ауылының атын атады.
— Қараңғы түсіп кетті ғой, сен қалай сонау ауылыңа жаяу бармақшысың? Ол жақты мен білемін. Тас жолдан ары қарай үш-төрт шақырым жаяу жүруің керек.
— Иә, біледі екенсіз ғой. Қысы-жазы жаяу жүріп жүрген жеріміз ғой, аға. Үйреніп кеткенбіз, қорықпаймыз.
— Құдай-ау, қалай қорықпайсың? Қараңғы түнде! Жападан жалғыз! Қасқыр жеп қойса, қайтесің?!
— Қайдағы жоқты айтпаңызшы, аға!
— Ой-бай-ау, өткен жылы жолда қалған бір жолаушы әйелді итқұс жеп кетті ғой, естіп пе едің?
— Түу, аға, қасқыр қайтсін мені? Біздің ауылда итқұс жоқ!
— Жә, жарайды. Мен мына маңайдағы ауылға барамын. Ауылыңа ертең барасың. Бүгін біздің ауылға жүр, қасқырға жем боламын демесең.
— Жо-оқ, аға. Өз ауылыма барамын.
Осы кезде жігіттің ауылына баратын жүк көлігі келіп тоқтады. Жігіт:
— Гүлім, Гүлім деймін! Жүр!
— Жо-жоқ. Мен бармаймын!
Жігіт біраз күтіп, оның бармасына көзі жеткен соң көлікке отырып, кете барды. Гүлім тоңған денесін жылытпақшы болып, секіріп-секіріп қояды. Аяқтарын бір-біріне соғып, жиде қаға бастады. Желтоқсанның аязы бет қарып барады. Аялдамадағылар біртін-біртін азая бастады. Көлікті тоса-тоса жалыққандар қайтып та жатты. Гүлім өзі тұрып жатқан пәтерге қайтып барғысы келмеді. Ауылдағы туыстарын, сыныптастарын сағынып, тезірек жеткісі келді.
Ұзын жолмен кетіп бара жатқан жеңіл көлікке отырып, жан шақырды. Әбден тоңған екен. Денесі жылынып, маужырай бастады. Қараңғылық қоюлана түскен. Бұрылысқа жете бергенде, жүргізушіден осы тұстан түсіруін өтінді. Жүргізуші таңырқай қарап:
— Қызбала да қорықпай, түнде жүреді екен-ау?! Қызым, байқа, бірдеңеге арандап жүрме! Абай бол!-деп қызға қарайлай, машинасын жолға салды.
Тастай қараңғы. Абырой болғанда, жол қиылысында жол полициясының көлігі тұр екен. Ішінен МАИ қызметкері шығып:
— Қарындас, қайда барасыз?-деді.
Қыз осыдан он шақты шақырым жердегі ауылды атады.
— Машинада отыра тұрыңыз. Қазір солай қарай машина жүрсе, тоқтатып салып жібереміз,-деді орта бойлы, мығым денелі, қырықтар шамасындағы жігіт. Қыз рахметін айтып, ішке енді. Кіргені сол еді, бір көлік бұрыла берді. Қыз қуана-қуана тоқтаған көлікке мініп алды. МАИ қызметкері шопырға қыздың баратын жерін айтып, хош айтысып қала берді. Жаңа жылды отбасы, ошақ қасында қарсы алуға асығып бара жатқан көлік иесі бойжеткенді ауылдың аяқ жағынан тастап кетті.
Айнала қараңғы. Көзге түртсе, көргісіз. Ақ қар, көк мұзда бет қарыған аязға қарамастан үйге деп алған сыйлық толы көк сөмкені арқалап, алдыға қарай ұмтылып келеді. Жүрісі өндімей ме, қалай? Тас жолдан ұзағаны сәл ғана. Жүрісін жылдамдатпақ болғанмен, сүрініп-қабынып, кібіртіктеп келеді.
Ауыл мен тасжолдың арасында «Қаратөбе» аталатын төбеге шыққанда екі көзі жылтырап, бір нәрсе келе жатқандай болды. Жүрегі зу-у ете қалды. «Бұл не болды екен? Әлгі пәле емес пе? Масқара болғанда, итқұсқа жем болмайын!» деп ойласа да «сасқан үйрек артымен жүзедінің» кебін киіп, алға жылжи берді. Ол ауылдың бірен-саран жарығын байқағанда, жаңағы қорқыныш басылғандай болды. Көк сөмкесін сүйретіп келеді.
Біртін-біртін манағы жылтыраған көз жақындай берді, жақындай берді. Гүлімді бастапқы үрей қайта билеп алды. «Ауылдың маңында бұл қайдан жүр?! Мәссаған, он сегізге жасым толмай жатып, өмірім қиылатын болды-ау! Қай-ра-ан, өмір-ай! Қыршынынан қиылды деген осы екен ғой! Өмір, сенің қызығың мен шыжығыңды, сыйыңды көрмей, о дүниелік болатын болғаным ба?! «Ажал айтып келмейді» деген осы екен-ау! Жар құшудың, ана болып, бала сүюдің бақыты бұйырмаған екен де! Хош бол, менің жастық шағым. Құдайдың маған бұйырған ғұмыры осы-ақ болса, қайтейін енді?! Өмірді қимаймын!.. Татар дәмім осы ғана болғаны-ай! «Жалған дүние» деп бекер айтпаған екен-ау!.. Бәрінен де ата-анама қиын болатын болды. «Қызымыз бойжетті, енді қызығын көреміз бе?» дегенде, қыздарының итқұсқа жем болғанын естіп, жүректері жарылып кететін шығар?.. Өмір-ай, мен сені сүйіп едім!?» деп ойлап, көк сөмкенің артына жасырынып, бүк түсіп отырып қалды.
***
Аяздан бұғып, аттың үстінде Айдын келеді. Дуылдап ашыған бетін алақанымен уқалап қойып, қолғабын қайта киді. Ол — осы ауылдың тумасы. Жасы он жетіде. Кешкі сағат сегіз-тоғыздарда ауылдың аяқ жағынан Алматыдан автобус өтуі керек-ті. Ол осы автобустан түсетін әпкесі Ләззатты күтіп алмаққа келе жатқан беті. Әшейінде әндетіп жүретін оның бүгін жағы қарысып қалыпты. Аттың соңынан еріп жүретін иттің әдеті емес пе? Ақ төбеті біресе озып, біресе иесін күтіп тұрып қалады. Айдын атын тебініп келеді. Кенет ол жол үстінде бірдеңенің қарайғанын байқады. «Ой-пырым-ай, бұл не болды екен? Біреудің көлігінен түсіп қалған жәшік пе әлде қап па?» деп ойлады.
Гүлімде ес жоқ. Отырған жерінде қатып қалған. Жылтыраған көздер міне, сықырлап келіп қалды. Құлағы шулап кетті. Алға қарауға шыдамы жетпеді. «Құрыған жерім осы. Қай жерімнен келіп, тартар екен?!» деп сөмкеге басын қадап, отыра берді.
Аязды түндегі сықырлаған дыбыс та келіп тоқтады. Ақ төбет таңданып келіп, иіскемек болды. Денесі бір суынып, бір ысыған Гүлім: «Не болса да көндім. Маңдайыма жазылғаны осы болса, қасқыр дегеннің жүзін бір көрейін!» деп басын көтерді. Қарсы алдында қарайып атты кісі тұр. Ол өз көзіне өзі сенбеді. Есеңгіреп орнынан тұрды. Ат қос құлағын қайшылап, кейін шегінді. Манадан бері «олжаға кенелетін болдым» деп ойлаған Айдын: «Әй, бұл кім?» деді.
— Бұ-л м-мен.
— Кімсің?
— Мен – Гүлім-мін.
— Сен автобустан түстің бе?-деді жігіт есін жиып.
— Ж-жоқ. Мен жеңіл көліктен түстім.
— Ә-ә, онда әлі автобус келмеген екен ғой, ә?-деді сұраулы жүзбен.
— Иә, мүмкін. Әлі келмеген болар,-деді Гүлім.
— Сен неге бүк түсіп отырсың? Қорықтың ба, қараңғыда?
— Иә, қатты қорықтым. Алдыда қасқыр жоқ па?!-деді ауылға қарайлай.
— Жоқ. Қорықпай-ақ бара бер! Мен автобусты күтейін,-деп жігіт ары қарай басқан ізі сықырлап кете барды. Гүлім қуанғаннан сөмкесін көтеріп, жүрісін жылдамдатты. Манағы жігіт ағасы мен жүргізушінің «Итқұс жеп қоймасын, бірдеңеге ұрынып қалма!» дегені есіне түсіп, «қорыққанға қос көрінеді» деген осы екен ғой деп, күліп қояды. Бет қарыған аязды да елемеді. «Өмір деген қандай тәтті-ә?! Енді мен ұзақ жасайтын шығармын?! Менің өмірім қандай болады екен?! Шындап келсе, мен әлі өмірдің не екенін, оның соншалықты тәтті екенін де білмейді екенмін ғой?! О, тәңірім, өмірімді мәнді де сәнді ете гөр!» деп, лүпілдеген жүрегі алып ұшып, ата-анасының үйіне асықты.
Айнаш ҚАСЕНОВА,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Қазақ журналистикасының қайраткері.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз

Н Назарбаевтың мемлекетіміздің даму жолындағы еңбегі ерен

  Пікір Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президенттіктен өз еркімен кетуі туралы шешімі…