Басты бет Бас мақала Жемқорлықпен күресуді өзіңнен баста
05.04.2019

Жемқорлықпен күресуді өзіңнен баста

«Жетісу – адалдық алаңы» жобасының мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету бағытында сыбайлас жемқорлықты азайту, халықтың билік органдарына деген сенімін арттыру. Бүгінде бұл кеңседе 5 қызметкер жұмыс істеуде. Жетекшісі – «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының бірінші орынбасары Аманжол ЖАЗЫҚБАЕВ. Ашылғанына бірнеше ай болса да, орталықтың жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Бұл жөнінде А.Тоқтарұлы сұхбат барысында өзі баяндап берді.

— «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмысын бастағалы 3 айдан астам уақыт өтіпті. Бүгінге дейін жеткен жетістіктеріңіз қандай?

— Жобалық кеңсе 2018 жылдың 26 желтоқсанында ресми түрде ашылды. Сол уақыттан бері жоба аясында 48 кездесу ұйымдастырылды. Нақтыласақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментіне Whitebook-қа енгізуге бағытталған жобалар ұсынылды. Аталған жобалардың өңірімізде бесеуі жүзеге асса, төртеуінің қаржыландыру мәселесі әлі шешілмеді. Сондай-ақ, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған бірнеше жоспар бар.

Оның біріншісі Үштөбе қаласындағы «сервистік әкімдік» жобасын облыстың басқа аймақтарында қолданысқа енгізуді ұсындық. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына дәстүрлі жұмыс бөлмесінен бас тарта отырып, «ашық алаңның» бірі «Open space»-ке көшіру. Осылайша, халық ашықтық арқылы мемлекеттік аппаратқа деген сенімі артатыны сөзсіз. Сонымен бірге, 2018 жылдың желтоқсан айында «бір терезе» принципі негізінде республика бойынша алғашқылардың бірі болып облыста көші-қон қызметі орталығы ашылды. Оның жұмысын жеделдету мен оңтайландыру жолдары қарастырылуда.

«Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» бағдарламасы аясында «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі көлік жүйесінде пилоттық жобаны іске қосты. Талдықорған қаласы әкімдігінің қолдауымен «Smart» аялдама кешендері орнатылып, қала тұрғындары үшін  көлік күтуге ыңғайлы орындар қолданысқа берілді. Қазіргі уақытта қалада 10 павильонда отандық өнімдерді пайдалана отырып құрылыс жұмысы жүргізілді. Бүгінгі күні әрбір тұрғын «Infobus» мобильдік қосымшасы арқылы кез келген автобустың бағытын, қаланың қай бөлігінде көлік қазіргі уақытта жүретінін, желідегі маршруттар санын бақылай алады.

Денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді автоматтандыру үшін «103 КӨМЕК», «Даму Мед» ақпараттандыру жүйесіне қосылды. Талдықорған қаласындағы көпсалалы емхана базасында жұмыс істейтін мәселелер орталығы еліміз бойынша біріншісі әрі бірегейі. Барлық өңірлерде осындай орталық ашу қажет. Өйткені, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау халық арасында өлім-жітім көрсеткішін бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік береді.

Кері байланыс орнатуды автоматтандыру мақсатында «Smart Taldykorgan» мобильді қосымшасы құрылды. Бүгінгі күні жобаның 1-кезеңі аяқталды. Нәтижесінде қала тұрғындары мен қонақтары әртүрлі салада ақпараттық, интерактивті және транзакциялық қызметтерді пайдалана алады. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен бизнеске коммерциялық қызметтерді ұсынуға, жоспарланған реформалар мен оқиғалар бойынша кері байланыс алуға арналған бірыңғай интеграцияланған жүйе арқылы өмір сүрудің түрлі салаларында сервистерді пайдалануға мүмкіндік бар.

Бұдан басқа да атқарылып жатқан жұмыстарымыз жеткілікті. Тағы бір бағытымыз жобаны жүзеге асыру аясында колледждер, аудандық және қалалық білім беру бөлімдері, Талдықорған қаласының медициналық мекемелері басшыларымен және жұмыспен қамту бөлімдері, жұмыспен қамту орталықтары арасында дербес жауапкершілік туралы құжатқа қол қойылды.

— Өз сөзіңізде қаржыландыру мәселесі шешімін таппаған ауқымды 4 жоба бар деп атап өттіңіз. Ол қандай жобалар, тарқатып айтсаңыз?

— Аталған жобалар аясында азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында жобалық кеңсе білім беру саласы мен мемлекеттік кіріс органдарымен бірлесе ұсыныстар енгізілді. Қазіргі уақытта ол жобалар облыс әкімі аппаратының қарауында.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бастамасымен «Мобильді мемлекеттік қызмет көрсету – дөңгелекті кеңсе» қолға алынды. Яғни, ол – салық міндеттемелері бойынша есеп беру үшін облыстың елді мекендеріне баруға мүмкіндік беретін арнайы жасақталған көлік. Жобаны жүзеге асыруға қажетті сома – 3 автокөлікке 105 млн. теңге шамасында. Екінші жобамыз – Сүлеймен Демирел университетінің тарапынан ұсынылған жазғы лагерь. Жұмыс тобы «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының белсенділері үшін «Summer Camp» жазғы лагерінің қызметін ұйымдастыру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға жастардың қатысуын арттырып, қызметін жандандыруды ұсынды. Жазғы лагерь халықаралық тәжірибеге негізделген жоғарғы оқу орнының базасында сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік бағытында жастарға дәріс оқиды. Жазғы лагерь бір маусымда 400-ге жуық баланы қабылдауға мүмкіндігі бар. Бір маусымға қажетті қаржыландырудың жалпы сомасы 4 млн. теңгені құрайды.

Үшіншісі «Bilim Media Group» компаниясының кешенді IT-шешімдерін ұсынып, білім беру саласындағы қызметтерді автоматтандыру арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Атап айтқанда, педагогтарды, директорларды, техникалық қызметкерді жұмысқа қабылдауда және мектеп олимпиадалары мен конкурстарды өткізу жүйесінде, сабақ кестесін құру және жүктеме бөлу құралы, сондай-ақ, білім беру ұйымдарында ТЖ туралы хабарландыру құралын оңтайландыру жолдары ұсынылды. Осы тізбедегі маңыздылығы жоғары 2 жобаны енгізу үшін қажетті сома шамамен 20 млн. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жергілікті жерлерге енгізудің техникалық мүмкіндіктері, ұсынылған жобаларды іске асырудың экономикалық және әлеуметтік тиімділігі сарапталуда. Соңғысы балалар үйі тәрбиеленушілерінің жеке және кәсібилігін арттыруға бағытталған.

— «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі балалар үйі қызметін оңтайландыруды тапсырғаны белгілі. Өңіріміздегі екі балалар үйінің жұмысына қатысты қандай ұсыныстар қарастырылуда?

— Астанадағы бас кеңсенің тәжірибесі бойынша облыстық жобалау кеңсесі екі балалар үйі қызметіндегі бизнес-процестерді оңтайландыруға мониторинг жүргізді. Мониторинг қорытындысы бойынша жобалық кеңсе алаңында балалар үйі қызметінің ішкі процестерін трансформациялауға бағытталған ұсыныстар енгізілді. Соның нәтижесінде үнемделген қаражат (шамамен 5 млн. теңге) балалардың жеке және кәсіби бағытта өсуіне бағытталатын болады. Яғни, шеберханалар, робототехника кабинетін ашу жоспарлануда.

Талдау нәтижесінде бір балалар үйінің 50 пайызға ғана (жобалық қуаты – 220 бала, іс жүзінде – 104 бала) жүктелгенін ескере отырып, кеңеске қатысушылар «Айналайын» балалар үйі мен жастарды бейімдеу орталығының қызметін біріктіруді ұсынды. Алдағы уақытта №1 балалар үйін «Бағанашыл» оқу-сауықтыру орталығына айналдыру қарастырылуда. Бұл жағдайда білім басқармасы енгізілген ұсынымдарды іске асырып, оларды енгізу бағытында жұмыс жасаулары қажет.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді жұмыс жүргізіп жатқан азамат ретінде өзіңіздің жеке пікіріңізді сұрасақ. Бұл дертті қалай ауыздықтауға болады?

— Бізде халықтың сана-сезімінде сыбайлас жемқорлық түсінігі дұрыс қалыптаспаған. Мәселен, жол көлік полициясы тоқтата қалса, аздаған ақша ұсынып, жазадан оңай құтылып кетудің жолдарын іздейміз. Міне, нағыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлық! Бұл орайда, пара беруші де алушы секілді заң бұзушы болып саналады. Яғни, біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білуіміз керек. Түсіндірме жұмыстарын жүргізген уақытта бізден көптеген адамдар: «Жемқорлық неге көп?» – деп сұрап жатады. Ал өздері соның бір мүшесі болып жүргендерін мойындағысы келмейді. Кейбір жерлерде заң бойынша өзімізге тиісті нәрселерді талап ете алмайтындығымыз да бар.

Менің ойымша, сыбайлас жемқорлықты жеңу үшін алдымен цифрландыру керек деп есептеймін. Екінші, өзім айтып кеткендей, адамдардың сана-сезімін өзгерту керек, миымызда жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырғанымыз дұрыс. Жол полициясына пара бергенше, айыппұлды жаздырып алып, бюджетке құйған дұрыс емес пе? Мүмкін ол біреудің өмірін құтқаруға жұмсалатын шығар?!

— Орталық жұмысына қарапайым халықтың көзқарасы қандай? Олар қалай қабылдады? Жұмыстың жариялылығы, ашықтығы туралы баяндасаңыз.

— «Facebook» әлеуметтік желісінде https://www.facebook.com/groups/Jetisyadaldyqalany/ парақшамыз әрдайым онлайн. Желі пайдаланушылары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұрақты түрде жауап алуда. Сондай-ақ, «Digital agent» мобильді қосымшасы халық арасында қолдау тапты. Біздің қызметімізге берілген бағаға байланысты қызмет жасаймыз. Қаңтар мен наурыз айы аралығында БАҚ беттерінде және әлеуметтік желіде 400-ден аса материал жарияланды.

— Алдыға қойған жоспар мен мақсат-міндеттеріңіз?

— Ең алдымен, блогер, медиалық тұлғалар және танымал мәдениет қайраткерлерін, кәсіпкерлерді тарту арқылы жобаны іске асыру барысын одан әрі ілгерілету басты назарда. Аудандық басылым беттерінен жобаны іске асыру барысы, кері байланыс нәтижелері жарияланатын арнайы айдар ашуды жоспарлап отырмыз. Үшінші – өңірлік телеарна алаңында ЖАО басшыларының қатысуымен халықпен ашық диалог форматында телевизиялық бағдарламаны іске қосу. Апта сайын «Жетісу» телеарнасында «Әкім сағаты» бағдарламасында аудан, қала әкімдерімен, басқарма басшыларымен тікелей эфирде жүздеседі. Басшылар ауданның (қаланың) әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын қысқаша айтып, тікелей көрсетілім барысында келіп түскен сұрақтарға жауап береді. Азаматтардың барлық санаттарын тарту нәтижесінде біз Мемлекет басшысының тапсырмасын толық көлемде жүзеге асыра аламыз.

Жобалық кеңсе тарапынан ұсынылған ұсыныстар әлеуметтік жағдайды өзгертуге мүмкіндік беріп, әрбір қазақстандықтың өмірін одан сайын жақсартады деп үміттенеміз. Алаң өңірлік жобалық кеңселер арасында оң тәжірибе алмасу бағытында таптырмас құрал деп есептейміз. Барлығымыздың ортақ мақсатымыз – сыбайлас жемқорлықты жойып, ұрпақ үшін жарқын болашақ құру.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Еңлік ҚАБДЕШ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз

  Телевизия майталмандары Жетісу төрінде Телевизия саласында отыз жылдан астам уақыт …