Басты бет Жаңалықтар Мал шаруашылығы – маңызды сала
09.04.2019

Мал шаруашылығы – маңызды сала

Мал шаруашылығы – маңызды сала

Жамбыл ауданы бойынша ет өндірісінен көшбасшы болып келе жатқан кәсіпорынның бірі — «Империя Фуд» ЖШС. «Империя Фуд» серіктестігі былтырдан бері инвестиция көлемі 2,3 млрд. теңгені құрайтын ет өңдеу зауытының құрылысын жүргізуде.

Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Бұл жобаның қуаттылығы жылына 8 000 тонна ет өңдеуге қауқарлы болмақ. Зауытқа дейін инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 80,1 млн. теңге бөлінген. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Серіктестік бұған дейін инвестициялық құны 1,4 млрд. теңгені құраған мал бордақылау алаңын 2014 жылы салған болатын.

Бүгінгі күні мұнда 2750-ге жуық бас мал семіртілуде. Жыл басынан бері 57 тоннаға жуық ет өткізілген. Алдағы уақытта Алматы – Бішкек тас жолының бойындағы ет комбинаты құрылысы аяқталса бұл көрсеткіштер еселене түспек.

«Біз 2018 жылы 256 бас Ангус тұқымды бұқалар алып келдік. Оның игілігін тек өз пайдамызға ғана пайдаланған жоқпыз. Аудандағы өзге де шаруа қожалықтарға жалға (арендаға) беріп келеміз. Осылайша ауданның мал шаруашылығына, нақтырақ айтқанда селекциялық және мал тұқымын асылдандыру саласына өз үлесімізді қосып жүрміз. Өйткені кейбір кәсіпкерлердің мүмкіндігі жетпейтінін ескеруіміз керек. Бәріміз осы ауданның ауасын жұтып, суын ішіп отырмыз»,-деді «Империя Фуд» ЖШС-нің директоры Арман Джавидан

Сондай-ақ Жамбыл ауданы мал тұқымын асылдандыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Аудан әкімі Бағдат Әлиев ең алдымен ірі қара мен қойды асылдандыру қажеттігін алға тартқан еді. Жыл басындағы есепке қарасақ аудан бойынша асыл тұқымды қой малының саны 52507 басты құраған болса, оның ішінде 32818 аналық саулық. Аудандағы қой малы 18 ЖШС мен шаруа қожалықтарында шоғырланған. Қаңтардағы санақ бойынша 607905 бас қой мен ешкі бар, соның 8,8 пайызы ғана асыл тұқымдының негізін құрайды. Қой малынан шығатын өнімдерді (жүн мен етін) арттыру үшін асыл тұқымды қойды 45-50 пайызға жеткізу керек екен. Осыған орай алдағы уақытта күрделі селекциялық асылдандыру жұмысы күтіп тұр.

Айта кетейік, ауданның сүт өндірісі де қарқындап дамып келеді. Оған дәлел, Қарақыстақ ауылындағы «Табыс» шаруа қожалығының 600 басқа арналған сүт кешені. Соңғы кездері өнімді еңбек етіп жатқан заманауи сүт кешенінің жобалық құны 1 млрд. 780 млн. теңгені құрайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз

  Телевизия майталмандары Жетісу төрінде Телевизия саласында отыз жылдан астам уақыт …